Орыс труппасының құрамында кәсіби шеберлігі мықты актерлар ойнайтын, сонымен қоса, қаржылық ауқымы да кең, бүкіл декорациялық, гриммерлік қазынасы бай еді. Бірақ, ол Мәдениет үйінде Людмила апайға алғашқыда қойылымдарды қазақ тілінде қоюға мүмкін болмады. Ол қарапайым халықтың ішінен сахнаға бейімдеу адамдарды іздеп тауып, зауыттың ішіндегі мерекелік шараларды өткізіп жүретін.
Ол қайда барса да, орыс тілінде шұбарланған жазуларды, газеттерді болсын сынап мінеп, қазақ тілінің туын көтеруді өзіне мақсат тұтты. Людмила Байқадамованың өмірлік жолындағы жеңістері мен жеңілістерін сөз етпей тұрып, оның қазақ топырағына қадам басқан ілкі тарихына көз жүгіртсек, оқырманға көп жасырын сырдың беті ашылар еді.
Әкесі Сұлтан мен анасы Евдокияның шаңырағында 10 баланың кіндігі кесілді. Анасы Евдокия қазақ жеріне қадам басып, күйеуі Сұлтанның туған жері Мұғалжар ауданына қарасты Орқаш совхозына барар жолда мешітке кіріп, қазақ боламын деп мұсылмандықты қабылдағаны Людмиланың әлі көз алдында. Анасы соңғы сапарға аттанар алдында да мұсылман шартымен жерлеуді бұйырған екен. Анасының жан дүниесімен қазақтықты қабылдауы Людмиланың да жанына әсер еткен болуы керек. Оның үстіне, баланың үлкені деп тұңғыш немерені бауырына басатын салтпен әжесі Ақсұлу бойындағы барлық қайнар махаббаттың сүрленген құнарына аунатып, шөліркеген мейірімімен Людмиланы қанаттандыра берсе керек.Әжесі Ақсұлу «немеремнің үлкені» деп әрдайым жанынан тастамай, бар білген-түйгенін құлағына құйып, қолөнерге баулып өсіргендіктен, сөз маржанын теріп, көне тіркестерді мөлдірете тізіп, мақалдатып сөйлейтін шешен, ісмер, өнерлі болып бойжетіпті. Әнге құмар, әңгіме тыңдауға тым құштар Людмила жастайынан «әртіс қыз» атанды.Рухы биік, көкірегі ояу әжесінің ақыл-парасатын, әдеп-ибасын бойына сіңірген сайын қазақ деген ұлттың ұлықтығына таң қалатын. Ел-жұрт түсі бөлек, ақ сары қызды Евдокияға тартқан десе, әжесі «Дусяға ит ұқсасын, көзі сығырайған, мұрны қолағаштай, меңіне дейін өзіме тартқан, құлдығым-ау» деп айналып-толғанып отырыпты. Ақсұлу әже жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, ырымдап қора қабырғаның бұрыш-бұрышына кәрі жілікті тізіп жинапты. Он үш жыл жинаған. Людмила келген жылы кәрі жіліктің бәрін санап шығып "әжем, қырық кәрі жілік жинапты" деп айтқаны есінде.
Түптеп келгенде, Людмиланы өзге балалардан өзгешелендіретін тек түсінің өзгешелігі ғана емес еді. Оның бойындағы өзгешелік тым ерте көріне бастады. Елден ерек зеректігі, сөзқұмар саққұлақтығы, айнала жұртты аузына қаратып тынатын әртістігі, әншілігі, бишілігі, ісмерлігінен-ақ оның болмысына өзгелер күдіктене қарайтын еді. Бұл күдікке әжесі де, әкесі де, анасы да шыдап бағыпты. Людмила апай елу жасына таяған шағында өз немересіаңдаусызда анасы Евдокияның алдында тосыннан сұрақ қояды: "Әже, айтшы, біз неге басқашалаумыз? Неге, басқа аға-апалардың қыз-ұлдары біз секілді әнші-биші емес? Әй, осы бір жасырар сырың бар-ау?" деген сипатта қалжыңдайды. Бұл кезде әжептәуір қартайған Евдокия әжей еңсесі шөгіп боздап қоя беріпті. Абайсыз аузынан шыққан сөзге абдыраған немерелері кешірім сұрап әжені жұбатпаққа тырысады. Алайда, әжесі "Жоқ, балдарым, бұл сұрақ қашан алдымнан шығар екен деп өмір бойы күттім. Кім қояр екен деп елу жыл күттім. Ақыры қойылды. Бұл сұрақ қойылуы тиіс еді" деп қазақ жеріне табан басқалы жан баласына айтылмаған сырды ашады. Евдокия сонау албырт жас кезінде Қиыр Шығыста поляк жігітімен отасқан екен. Алғашқы күйеуінің туған жері Украина еді. Ол да бір ананың жалғызы. Соғыс бітіп, ел-жұрт еңсесін тіктей бастаған кез. Туған жерін сағынған күйеуі Евдокияны алып кетпек болады. Бірақ, соғыс шебінде талай жыл еңбек еткен Евдокия жер аударып, өз елінен кетуге тәуекел ете алмайды. Бір бірін сүйіскен екі ғашық перронда біреуі артымнан қимай мінер деп, біреуі ойланып поездан түсіп қалар деп амалсыз қоштасып қала береді. Сол кезде Евдокияның қолында шырылдаған сәби Людмила бар еді. Өзінің ұлты поляк екенін елу жасында ғана білген Людмила апай өте ауыр хәлді бастан кешеді. Өзін толайым қазақтың қызы деп санайтын ол бұдан кейін де қазақтықтан бас тартпайды. Әкесі Сұлтанның, әжесі Ақсұлудың кең жүректі даналығына, ішкі мәдениетіне бас иеді.
— Қазақ еместігімді бетіме басып, өзгенің қызысың деп айтуына болар еді ғой. Әжем сезсе керек мұны, бірақ сезсе де ешқашан сездірген жоқ. Өз қызындай жақсы көрді. Бір күні әжем түсінде бір ұяшықта жатқан он жұмыртқаны көреді. Тоғызы сондай аппақ. Біреуі ғана шұбар ала дейді. Неге біреуі шұбар ала деп қолыма алып қарадым деп айтқаны есімде. Кейін ойласам, Құдай әжеме білдірген екен. Мұны мен де кезінде түсінбеген едім.
Людмила Байқадамова орыс тілінің мерейі аспандап тұрған шақта, қазақ тілінің, қазақ дәстүрінің, мәдениетінің, әдебиетінің мерейін үстем етуді көздеді.
— 1987 жылдың қыс айы. Алға аудандық «Жұлдыз»-«Звезда» газетінде тілші болып еңбек жолымды бастаған кезім. Редакцияға бір орыс апай келді. Бұрқылдап сөйлей келді: «Жап-жас жігітсіңдер! «Жалғыз ағаш орман болмайды», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген қазағымның мақалы бар емес пе? Менің жүрісім мынау, қазақтың балаларына жалынып. Неге өзара орысша сөйлесесіңдер! Неге қазақтың халық театрына келіп жазылмайсыңдар! Ау, қазақ тілі мен мәдениетін, өнерін біз өзіміз көтермегенде кім көтереді? Намыс бар ма өздеріңде?!»— Дәл осы сөздерге куә болған балаң журналист Бердібай Кемал бүгінде Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бас маманы. — Әр сөзінің есімде қалатыны, орыс әйелінің осынша ашуланып, ренжи сөйлегені еді. Аң-таңмын. Бір кезде маған назар аударып: «Сен бе, Бердібай деген жаңадан келген журналист? Мәдениет үйіне келесің, ештеңені білмеймін», — деді. Жақсы деуден басқа менде шегінерге жер қалмады,— деп Людмила апайдың жанұшырған еңбегіне талай куә болған аға журналист ағынан ақтарылды.
Ал, орыс труппасының жоғары темпіне қарамай, Химия зауытының ішінен команда құрап, актерлерді сахнаға бейімдеп алғашқы қазақ тілінде қойылымдар қоюы — елдік тұрғыдағы ерлік еді. Халық ішінде Наурыз мейрамын мерекелік шара ретінде өткізу осы жылдары қолға алына бастады. Бұғып, үркектеп қалған халық қазақ тілінде сөйлеп, қазақша киініп көшеге шығуы да бір жаңа белес-ті. Өйткені, Алға қаласы ірі кәсіпорын орналасқан, орыс халқы көптеп жұмылдырылған қала болып есептелінді. Батыс өңіріндегі ең зиянды химиялық зауыттың ісі бұл кезде өркендеп тұрған. Бұл зауыттың адам денсаулығына орасан зор зияны бола тұра, кеңес үкіметі зауытқа көптеп қазақтарды жұмылдыруы да айқын қастандықтың бірі еді. Міне, осындай ауыр жұмыстан, орыстандырыла бастаған санадан алып шығу үшін Людмила Байқадамова кішкентай театрының құрамын көбейтіп, репертуарын толықтыра түседі. Кейіннен химия зауытының Мәдениет үйіне режиссер ретінде шақырту алып, 1985 жылдың 2-тамызынан бастап қарқынды жұмысқа көшеді. Режиссер Байқадамованың елге танылып, аты аспандап, қуаты тасыған сәт осы кез. Ол Ақтөбе қаласындағы Мәдени-ағарту училищесінің "режиссура" факультетіне сырттай оқуға түседі. Төрт баласы қамы мен театрдың жұмысын ілгерілете жүріп, оқуда шеберлігін асырып, Артур Гольдштейн секілді шеберлерден сахна туралы сабақ алса, Қаршыға Ахмедьяровтың домбыра курсынан музыкалық шеберлігін шыңдады.
Байқадамованың театры — халықтық театр атағын қорғап, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ жазушыларының шығармаларын сахналауы – бүтін бір қазақы театрдың, қазақы өнердің, одан қалса, қазақ жадын оятудың алғы қадамдары еді деуге болады. Оның сахналаған пьессаларын көрген халық таңдай қағып «бір қойлық дүние екен» деп алғысын білдіретін. Қазақ аса ырза болғанда, «бір қойлық», «бір қой атадым» деп бір қойды «ауызбен де» құрбан шалып кете беретін.
Театр актерларын жұмыстан кейін жалынып-жалбарынып репитицияға көндіріп, сахнаға шыққанға дейінгі қыруар еңбекті жалғыз өзі шауып жүріп, әр рөлдің сөзін де жаттап алатын. Өйткені, қойылымның премьерасында кез келген актер, актриса келмей қалуы ғажап емес. Театр труппасының қатарында жүріп, еңбекақы алмай, сый-сияпат күтпей қойылатын қойылымға кей себеппен келмей қалған актердің рөлін аяқасты сомдап шыға келетін Людмила апай.
— «Ауылдан келген майшелпекте» актерім келмей, өзім ер адамның рөлін ойнауға кірістім. Бір аяғымды көтеріңкіреп ақсақ шал болып сахнаға шықтым. Содан «е, солай балам» деп даусымды жуандатып сөйлеп отырып, қолыма қарасам, саусағымда жарқырап сақинам тұр. Сахна деген үлкен рентген. Халық сыртқы келбетіңдегі құбылысты ғана емес, ішкі ойыңды да оқып тұрады ғой, - деп бір тоқтады еске алып. — Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр: Бір спектаклде он жеті мәсі керек болды. Бәріміз жабылып, әжелерінен, көршілерінен сұрап, он алты мәсі таптық. Бір ғана мәсі жетпей қалды. Содан ауылдағы бір шалдан сұратқанда: «айналайын, өмірім аз қалды, сол азғантай өмірім қалды деп жаңа мәсімді кимей отырмын. Оны бере алмаймын. Ал, мына ескісін алсаң ал» деп беріп еді. Қарасам, табаны алақандай ойық екен. Соны тігем деп кабинетімде кірісіп отырсам немере ағамыздың қызы мен жездеміз сау етіп келе қалмасы бар ма? «Ойбай, режиссер Байқадамованы көрем бе десем, мынау тұрғанымен етікші ғой» деп күлгені бар. Ақ әжемнің шарапаты бүкіл ғұмырымның өн бойында жарқырап, әркез баулыған өнері бар қиындықты жеңуге зор қуат берді. Әжем Ақсұлу тігісті де, өруді де, бүкіл қазақ әйелінің шаруасын нығырлап үйреткені әрдайым алдымнан шыға беретін. Сол үшін мені жұрт «мыстан» деп атап кетсе керек.
Режиссер Л.Байқадамованың атағы жайылып, ел қошаметіне бөленген тұс осы кез. Қойылымдар үлкен аншлагпен өтіп жатты. Халық қазақ тіліне сусап қалғаны сондай, 400 орындық Мәдениет үйі үнемі лық толатын. Тіпті, қыстың аязды күндеріне, жаздың аптап ыстығына қарамастан халықтың қарасы азаймайтын. Жергілікті аудандық газет жеті сайын театрдың жаңалығын жазып отыратын болды. Қойылымдарының арасында Б.Майлиннің "Майдан" пьессасы, Б.Әбдіразақовтың "Ауылдан келген майшелпек", С.Жүнісовтың "Қызым, саған айтам..." атты драмалары бар. Бұл пьессалар патриоттық рухты, ұлттық құндылықтарды насихаттай білді. Тақырып аясы кең, идеялық тұрғыдан ауқымды пьесаларды күні-түні ізденіп, актерлермен жұмыс істей отырып алып шықты. "Тамаша" секілді интермедиялық концерттер де жүріп жатты.Халықтық театр рухани шөліркеген халықтың сұранысына дер кезінде жауап қата алды.
Сол жылдары «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, Людмила апай сол қоғамның аудандық ұйымымен бірлесіп, «Тамаша — тіл-дәстүрге араша» деген театрлық топтың ашылуына мұрындық болды. Оның бәрінде аудан өміріндегі тіл жөніндегі кемшіліктер, елді-мекендердің тарихи атаулары қайтарылуы керектігі, көшелердің аттарын қазақыландыру секілді мәселелер көтерілді.
— 30 жыл бұрын Алға Мәдениет үйінде алғаш Людмила Байқадамованың қойылымдарының үстінен түстім, - деп еске алады "Ақтөбе вестник" облыстық газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетов. — Сол кезде апайдың сахнада сөйлегені есімде қалып қойыпты. Ұзынтұра келген сымбатты сары орыс әйелі қазақ тілінде өте сауатты сөйлеп жатты. Сөйлегенде де, қарабайыр емес, мақалдатып мәтелдетіп, тұла бойыңды үйіріп кететін даусымен саңқылдап сөйлеп тұр. Ол кездегі орыстілді Алға қаласы үшін бұл таңсық көрініс еді. Оның сөз саптауы үйретінді емес еді, ана тілінің қайнарын жұтқан қазақытәрбиесі менмұндалап тұратын.
Людмила Сұлтанқызы Абай өлеңдерін оқудан "Көркем оқу шеберлігі" конкурстарына қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанды. Ал, 2002 жылы "Айтқыштар Ақтөбеде" конкурсында "Тілге құрмет" номинациясы бойынша марапатталды.Людмила Сұлтанқызының ең әуелгі қазақ тілі мен мәдениетіне деген ерекше ықыласы сондай, ол кеңес дәуірінде өте аз тиражбен сатылатын "Абай жолы" романын бір айлық күнкөріс ақшасына сатып алып, қатты масаттанғаны бар.
— Сұйық май бітуге шақ қалып, тамаққа азық таусылса да, "Абай жолын" оқымаған бала — бала бола ма деп сатып алдым. Ол кезде бұл кітап қолжетімсіз, таптырмайды. Өзі де өте қымбат. Соған қарамай, мен үшін бұл ең құнды дүние, ең керекті дүние болып көрінді, - дейді Людмила апай. Бұл кітап Байқадамовтардың төрінде ең бағалы дүниеге айналды. Бұл романды үйдегі әр бала жата-жастана оқып шықты.
Людмила Сұлтанқызы үстіміздегі жылы 70 жасқа толып отыр. Бұл мерейлі жасты Алға қалалық Мәдениет үйі зор ықыласпен атап өтті. Людмила апай бүгінде өңірге қазақы батаның түр түрін айтып, келелі жиындарда бата берумен көзге түсіп жүр. Зейнетке шыққан жылдардан бастап, Людмила апай әжесі Ақсұлудың аузынан шыққан, халық арасында сақталған мақал-мәтел, баталардың түрлерін, алғыс-қарғыс сөздерін есіне түсіріп, естіген жерде жазып алып, кітап етіп басып ұрпаққа аманаттап келеді. Әжесінің айтатын «Бір қатын бар – бір қатын, бір қатын бар – алты қатын» деген сөзі «Ақсұлу әжемнің асыл сөздерінен» атты кітабынан бірден көзіме оттай басылды. Одан басқа, әжесінің ырымшылдығы да қасиетті қылығына айналған. Ол асық пен кәрі жілікті тастамай жинап, ырымдап сақтап келеді. Өзінің бір ғана өкініші бар: әжесі өлер алдында "менің көзімдей көріп сақта" деп тапсырған екі сабау таяқты жоғалтып алғаны жанына батады. "Жүн сабайтын таяқтың ендігі қажеті не?" деп ойлаған Людмила апай, оның "тон болмаса да, жол болатын" ырымын кезінде жете ұғынбаған екен. Көшіп қонып жүріп, төрт баласы мен театрының өмірімен қапылып жүріп, сабаудан айрылып қалғанын зор өкініш көреді. Анда санда өлең мен қара сөз жазып, жүрегінің шерін ақтаратын Людмила апай әжесі берген сабау туралы өлең шығарыпты.
Беріп еді-ау ақ әжем, екі сабау,
Саған болсын құлыным, осы қалау.
Өлсем-дағы көзімдей сақтарсың-ау,
Сағынғанда сен мені қарарсың-ау.
Әжем берген сабау деп айтарсың-ау,
Қолды жайып бетіңді сипарсың-ау.
Сорлы болдым сол кезде бағы тайған,
Тағдырдың тәлкегінде көшіп қонған.
Әжемнің өзі бояп, өзі жонған
Қала берді-ау, сол сабау бұрышта тұрған.
Қалай ғана тастадым сорлы басым,
Екі тал қала берді ау сүртіп жасын.
Қазақ болуға кімге рұқсат? Қазақ болуға тек қазақ боламын деп шешкен кез келген адамға рұқсат. Қазақ болу тілмен жүрекке түсетін сәуле дерсің. Людмила Сұлтанқызы Байқадамова — кеудесіне сәуле түскен бақытты қазақ. Өйткені, қазақ болудың өзі бақыт дейді.
Сағадат Ордашева,
«Үш таған» журналының бөлім редакторы