2026 жылы өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарында Украина ұлттық құрамасының ту ұстаушысы, украиналық скелетонист Владислав Гераскевич Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қаза тапқан украин спортшыларының портреттері бейнеленген дулығаны кимеу туралы талапты орындаудан бас тартқаны үшін жарыстарға қатысу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Біз ешқандай ережені бұзған жоқпыз және бұл дулығамен өнер көрсетуге толық құқығымыз болды деп әлі күнге дейін есептеймін. Осы Олимпиада ойындарының алдыңғы күндерінде өзге спортшылар да ұқсас әрекетке барған», – деп түсіндірді Гераскевич Суспільне Спорт телеарнасына берген пікірінде.
Ол не себепті санкциялар дулығаларда ресейлік туды пайдаланған жағдайда қолданылмағанын, «неліктен шаңғышы әріптесіне арналған естелік жазумен жарысқа шығуға құқылы да, ал оларға болмайды» деген сұрақтардың жауабын алмағанын айтты. Гераскевич дисквалификацияға байланысты Спорттық арбитраж сотына шағым түсіретінін мәлімдеді.
Украиналық скелетонистің Олимпиададан шеттетілгені туралы Халықаралық Олимпиада комитеті қабылдаған шешім Украинада үлкен наразылық толқынын тудырды. Владислав Гераскевичті қолдап бірден Украина ұлттық олимпиадалық комитеті мәлімдеме жасады.
«Ол қаза тапқан украин спортшылары мен барлық Батырларымызға құрмет белгісі ретінде “естелік дулығамен” стартқа шығуы тиіс еді. Бүгін Владислав жарысқа шықпады, бірақ ол жалғыз емес – оның жанында бүкіл Украина болды. Өйткені спортшы шындық, ар-намыс пен жады үшін күрессе – бұл жеңіс. Владислав үшін жеңіс. Бүкіл ел үшін жеңіс», – делінген 12 ақпан, бейсенбі күні ҰОК-тың Facebook парақшасында жарияланған хабарламада.
Зеленскийдің реакциясы
Қысқы Олимпиадаға қатысушы украин спортшысына қатысты шыққан дау Украина президентінің де назарынан тыс қалмады.
«Спорт олимпиадалық қозғалыс, ол бір бүйрегін агрессорға бұрмай, соғысты тоқтатуға көмектесуі керек. Өкінішке қарай, ҰОК-тың украиналық скелетонист Владислав Гераскевичті дисквалификациялау туралы шешімі керісінше жағдайды көрсетіп отыр. Бұл – әділет пен бейбітшілікті қолдауға негізделген олимпиадалық қағидаттар туралы емес», – деп жазды Владимир Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
