Алматыда бұрынғы шіркеу қызметкері Иаков Воронцовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жайында журналист Данияр Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, түнде Воронцовтың үйіне құқық қорғау органдары кіріп, тінту жүргізген. Кейін ол Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына (ИВС) жеткізілген. Журналист істің мән-жайы туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатынын айтты.
Айта кетейік, Иаков Воронцов қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелерімен белгілі. Ол Ресей православ шіркеуін (РПЦ), Кремль саясатын сынға алып, Украинадағы соғысқа қарсы пікір білдірген.
2023 жылы ол шіркеудегі қызметін тоқтатқан. Кейін Қазақстанда Мәскеу патриархатына тәуелсіз шіркеу құруға талпыныс жасаған. 12 ақпанда ол Алматы қаласының Әділет департаменті мен Әділет министрлігін сотқа беріп, діни бірлестікті тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тануды талап еткені хабарланған.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық сынға алған діни қызметкер Иаков Воронцов полицияға шақыртылып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Ол бұл оқиғаның артында Ресейдің арнайы қызметінің ықпалы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Воронцовтың айтуынша, 2023 жылы 2 тамызда жазған әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты белгісіз біреу eOtinish платформасы арқылы арыз түсірген. Жазбасында ол орыс фашизмі мен РПЦ туралы сыни пікір білдіргенін айтады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – “Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру” бойынша түсініктеме беруді талап еткен.
“Мен өз пікірімнен бас тартпаймын. Араздық немесе өшпенділік туғызу ойымда болған жоқ. Қайта барша халыққа бейбіт өмір мен татулық тілеймін. Пікірім үшін жауап беруге дайынмын”, – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Воронцов түсініктеме беруден алғашында бас тартқанын айтады. Алайда полиция қызметкерлері егер ол жазбаша түсініктеме бермесе, оның жазбасына лингвистикалық сараптама жасалатынын, бұл сараптама 174-бап бойынша іс қозғауға негіз болуы мүмкін екенін ескерткен.
Айта кетейік, Иаков Воронцов - қазақ тілінде діни қызмет атқарған тұңғыш орыс православ шіркеуінің өкілі. Ресей соғысты бастағаннан кейін ол агрессияны айыптап, Қазақстанды ҰҚШҰ құрамынан шығуға шақырған. Сонымен қатар, Мәскеу патриархатына бағынатын қазақстандық шіркеулердің тәуелсіздігін талап етіп, РПЦ-дегі иерархиялық басқару жүйесін қатты сынға алған.
2024 жылдың маусымында Воронцов ресми түрде шіркеудегі қызметін тоқтатқан. Оның сөзінше, соңғы бір жылда Қазақстан митрополит округының басшылығы оны бақылауда ұстауға тырысып келген.
