Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк 2031 жылға дейінгі стратегиялық әріптестікті талқылады. Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізіп, алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин екіжақты әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтіп, 2031 жылға дейінгі өзара іс-қимылдың басымдықтарын айқындайтын құжаттың әзірленгеніне алғыс білдірді.
Ресми мәліметке сәйкес, Дүниежүзілік банк алдағы алты жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 1 млрд долларға дейін қаржы бөлуге дайын екенін білдірген.
Бұл қолдау ел экономикасының негізгі салаларын дамытуға бағытталмақ. Атап айтқанда, жеке секторды нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
