Алматы мен Алматы облысында интернет-есірткі дүкенінің 11 мүшесі ұсталды

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2026 09:52

Алматы қаласы мен Алматы облысында есірткіні жасырын жолмен таратқан интернет-дүкеннің қызметі әшкереленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталған. Олардың қатарында ұйымдастырушылар, операторлар және заңсыз табыстың қаржылық айналымын қамтамасыз еткен тұлғалар бар.

Операция барысында заңсыз айналымнан шамамен 3 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ қылмыстық схеманы үйлестіруге пайдаланылған байланыс құралдары, банк карталары мен цифрлық тасымалдағыштар алынды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құзырлы органдар тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove