Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салына ма?

Көркем Алдабергенова 12 ақп. 2026 09:18

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мұнай өнімдерінің тапшылығы мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы елдің мұнай өндіруші бола тұра, ішкі нарықта дизель отыны мен авиациялық керосинге тәуелді болып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріледі, алайда соның небәрі 18 млн тоннасы ғана ел ішінде өңделеді. Соның салдарынан дизель отыны бойынша тапшылық жыл сайын қайталанып, авиаотынға қатысты импортқа тәуелділік сақталып отыр. Осыған байланысты отынға сұраныс өсіп келе жатқан қазіргі кезеңде қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жеделдету қажет, деп жазады QZ Economy.

Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенген президент модернизация нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін 18,4 млн тоннадан 27,4 млн тоннаға дейін, яғни жылына бірден 9 млн тоннаға арттыруға болатынын айтты. Алайда бұл процестің жылдам жүзеге аспайтынын да жасырған жоқ.

2016–2017 жылдары автокөлік иелері болғандар ол кезеңде дизель түгілі, қарапайым бензиннің өзі тапшы болғанын жақсы біледі. Кейін мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылып, бұл мәселе шешілген еді. Тіпті сол кезде АИ-95 бензинінің белгілі бір көлемі Еуропаға экспортталған.

Ал 2026 жылға қарай ел қайтадан осы тақырыпқа оралды. Қазіргі таңда АИ-92 бензині бойынша айтарлықтай мәселе жоқ, дегенмен АИ-95 кейде мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары кезінде уақытша тапшылыққа ұшырайды. Дизель отыны бойынша жеткізілімде іркілістер жиі байқалады, ал авиациялық отын толықтай дерлік импортқа тәуелді.

Бұл жағдайға көрші елдердегі бағаның жоғары болуына байланысты бензин мен дизельдің «сұр» экспортқа кетуі де әсер етіп отыр. Қағаз жүзінде өндіріс көлемі жеткілікті болғанымен, іс жүзінде нарықта мезгіл-мезгіл тапшылық туындап келеді.

Әрине, модернизация бұл мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Мұнай өңдеу көлемінің шамамен 50 пайызға артуы - айтарлықтай көрсеткіш. Бірақ басты сұрақ - бұл жаңғырту жұмыстары нақты қашан аяқталады. Жобалардың жүзеге асатынына күмән жоқ, себебі бұл - стратегиялық маңызы бар мәселе.

Осы тұста үкіметтің алдында жаңа міндет тұр: жаңа мұнай өңдеу зауытын салу туралы негізделген шешім қабылдау. Президент бұл жобаға қатысты ең өзекті сұрақтарды ашық қойды: зауытқа шикізат қайдан жеткізіледі, қандай өнім және қандай көлемде өндіріледі, ең бастысы - жобаны кім және қандай қаражат есебінен қаржыландырады.

Мәселенің түйіні - бүгінде мұнай өңдеу зауытын салудан гөрі, оны тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету әлдеқайда қиын. Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жоғары болғанымен, оның негізгі бөлігі Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарынан алынады. Бұл кен орындарындағы мұнай бұрыннан жасалған келісімдерге сәйкес экспортқа бағытталады.

Ал ішкі өңдеуге түсетін мұнайдың негізгі жеткізушісі - ҚазМұнайГаз. Алайда компания үшін өндіріс көлемін қысқа мерзімде айтарлықтай арттыру оңай емес.

Сондықтан жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі тек құрылыс шеңберінде ғана қарастырылмайды. Бұл жерде шикізат көздері, жеке инвестиция тарту, ұзақмерзімді келісімдер секілді кешенді факторлар шешуші рөл атқарады.

Енді үкімет қандай шешім қабылдайтынын уақыт көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove