Киевте Жамбыл Жабаевтың ескерткішін алып тастау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай мәселенің көтерілуіне бірқатар белсенділердің үндеуі себеп болды. Олар ескерткішті алып тастап, Жамбыл атындағы көшені атауын өзгертуді ұсынған. Олардың сөзінше, кеңестік дәуірмен байланысты дүниелердің бәрі қайта қаралуы керек.
Украинаның Ұлттық жады институты талдау жүргізіп, мынадай қорытындыға келген: Жамбыл Жабаев Ресей империялық саясатының немесе коммунистік тоталитарлық режимнің символы болып саналмайды. Сондықтан деколонизация туралы заңның нормалары оған қолданылмайды.
ҰЖИ-де Жамбылдың 1917 жылғы революцияға дейін-ақ танымал болған қазақ ақыны екені атап өтілді. Оның ескерткіші мен көше атауы кеңестік үгіт-насихаттың элементі ретінде емес, Украина мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың көрінісі ретінде қарастырылады.
Сондықтан ескерткіш алынбайтын болған.
