Алматыда жалған инвестиция схемасы анықталды: 270 адам 620 млн теңгеден айырылды

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2026 10:35

Алматыда заңсыз инвестициялық қызметке байланысты ірі алаяқтық дерегі тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013–2021 жылдар аралығында күдікті азаматтарды өмірді сақтандыру және жинақтаушы сақтандыру бағдарламаларына инвестиция салуға үгіттеп, қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырған. Ол "Partners & Consultants" атты жоба арқылы тұрғындарға тұрақты табыс уәде еткен.

Нәтижесінде 270 адамға 620 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Агенттік мәліметінше, салымшыларды ақша аударуға көндіру үшін қаражатты күдікті бақылауындағы "Evroasia Global Investment" АҚ және "Evropa Investment" ЖШС есепшоттарына жіберу ұсынылған. Инвесторларға жылына 12%-ға дейін тұрақты табыс уәде етілген.

Жобаның сенімділігін көрсету мақсатында күдікті жалған халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарға сілтемелер ұсынған. Салымшылардан ақша қолма-қол емес аударым арқылы қабылданып, кейін ұзақмерзімді депозит пен инвестициялық міндеттемелерді растайтын жалған құжаттар берілген.

Тергеу барысында заңсыз алынған қаражаттың жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған мүлікке иелік етуге шектеу қойылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove