Қазақстанда қаңтар айында тұрғын үй нарығындағы мәмілелер күрт қысқарды

Қаракөз Амантай 10 ақп. 2026 17:10

2026 жылдың қаңтарында Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік айтарлықтай төмендеді. Ресми дерекке сәйкес, бір ай ішінде сатып алу-сату мәмілелерінің саны шамамен 48%-ға қысқарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық бюро мәліметінше, қаңтарда ел бойынша 27 745 тұрғын үй мәмілесі тіркелген. Ал 2025 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 53 128 болған. Қаңтардағы мәмілелердің 21 725-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерге, 6 020-сы жеке үйлерге тиесілі.

Ең көп мәміле тіркелген өңірлер көшін Астана (5 375 мәміле) мен Алматы (5 191 мәміле) бастады. Үшінші орында – Қарағанды облысы (2 241 мәміле). Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп, небәрі 283 мәміле жасалған.

Желтоқсанмен салыстырғанда барлық өңірде төмендеу байқалды. Ең үлкен құлдырау Павлодар облысында (–68,1%), Абай облысында (–64%) және Солтүстік Қазақстан облысында (–57,3%) тіркелді.

Пәтер нарығында мәмілелер саны бір айда 47,2%-ға қысқарып, нарықтың 78,3%-ын құрады. Ең белсенді өңірлер – Астана, Алматы және Қарағанды облысы. Пәтерлер ішінде ең көп сұраныс бір бөлмелі үйлерге түскен.

Жеке үйлер сегментінде де айтарлықтай төмендеу байқалды: мәмілелер саны 49,6%-ға қысқарып, 6 020-ға дейін азайды. Ең үлкен құлдырау Абай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Жылдық салыстыруда да нарықта төмендеу бар: 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда мәмілелер саны 10,3%-ға азайды. Дегенмен Шымкентте керісінше өсім байқалып, көрсеткіш 32,2%-ға артқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove