Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босату шешіміне тағы да түсініктеме берді. Ол бұл туралы "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғызстан президентінің сөзінше, МҰҚК төрағасын қызметтен босату туралы шешім қабылдар алдында ол Қамшыбек Тәшиевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі жағдайды түсіндіріп, қызметтен босататынын алдын ала хабарлаған. Содан кейін ғана ресми шешім қабылданған.
Садыр Жапаровтың айтуынша, бұл қадам керісінше досын сақтап қалу үшін жасалған.
"Оның жанындағы кейбір адамдар Тәшиевтің атын жамылып, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерге, қоғамдағы беделді тұлғаларға "генерал жағына өтіңдер" деген ұсыныстар айтқан", - деді ол.
Қырғызстан президенті мұндай әрекеттер жалғаса берсе, мемлекеттік аппарат ішінде және қоғамда жікке бөліну қаупі туындайтынын жеткізді.
Сондықтан мемлекеттегі тұрақтылықты бәрінен жоғары қоятынын айтып, Қамшыбек Тәшиевті қызметтен босату туралы шешім қабылдауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 10 ақпанда Қырғызстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылды.
