Жапаровтың сенімді серігі Тәшиев барлық қызметінен босатылды

Сағыныш Сардарова 10 ақп. 2026 17:18

Қырғызстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылды. Бұл туралы қырғызстандық БАҚ жазды. Тиісті жарлыққа Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қол қойған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

24.kg басылымы Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан МҰҚК төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалғанын еске салды. 2020 жылы 5-6 қазандағы оқиғалардан кейін президент міндетін атқарушы болған Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойған еді.

Басылымның жазуынша, Қамшыбек Тәшиев пен қазіргі президент Садыр Жапаровтың көпжылдық қарым-қатынасы елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі саналып келген. Олардың әріптестігі билікке келгенге дейін басталып, 2010 жылдардың басында саяси процестерде бірге әрекет еткен.

2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін бұл тандем толық қалыптасты: Садыр Жапаров президент қызметіне кіріссе, Қамшыбек Тәшиев МҰҚК төрағасы болып тағайындалып, күштік құрылымдардың негізгі тірегіне айналды.

Ол ең резонансты істерді бақылап, күштік саясатты қалыптастыруға қатысқан және Қырғызстан президенті командасының ең сенімді серіктерінің бірі саналған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove