Қазақстанда қымбатшылық қоғамда қызу талқыланып келеді. Кейінгі жылдары ресми инфляция көрсеткіші мен халықтың нақты сезінген баға өсімі арасындағы айырмашылық азайғанымен, күнделікті тұтынатын тауарлар қымбаттауы - жұртшылық үшін әлі де өзекті мәселе. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе, азық-түлік бағасы өсуі жалпы инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми дерекке сәйкес 2025 жылы елдегі инфляция деңгейі 12,3% болған. Ал азық-түлік инфляциясы 13,5%-ға жетіп, жалпы баға өсіміне ең үлкен үлес қосқан негізгі факторлардың біріне айналды. Бұл көрсеткіштер халықтың күнделікті шығыны артып бара жатқанын көрсетеді.
Сарапшылар инфляция жоғары болуына бірнеше себепті атап өтеді. Ең алдымен, тұтыну қоржынына кіретін тауарлардың едәуір бөлігі импортқа тәуелді. Сондықтан валюта бағамының өзгеруі ішкі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді. 2025 жылы теңге әлсіреуі импорттық өнімдер қымбаттауына әкеп соғып, электроника мен тұрмыстық техниканың бағасы 20–30%-ға дейін өскен.
Екінші маңызды фактор - халық бас тарта алмайтын тауарлар мен қызметтер қымбаттауы. Азық-түлікпен қатар коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының өсуі тұтынушылардың шығынын арттырып отыр. Бұл санаттағы тауарлар сұранысы тұрақты болғандықтан, олардың бағасының өзгеруі жалпы инфляцияға қатты әсер етеді.
Үшінші себеп: ақша-кредит саясатының әсері бірден байқалмайды. Базалық мөлшерлеме өзгергенімен, банктер несие мен депозит шарттарын бірден жаңартпайды. Соның салдарынан тұтынушылық несие белсенділігі сақталып, инфляциялық қысым жалғасады.
Мамандардың пікірінше, инфляцияны төмендету үшін кешенді шаралар қажет. Оған коммуналдық тарифтерді кезең-кезеңімен реттеу, тұтынушылық несиелеуді бақылау, макроэкономикалық тұрақтандыруға бағытталған ұзақмерзімді бағдарламаларды жүйелі іске асыру жатады.
