Қанат Бозымбаев: «Көмір жетіспеушілігінен халық зардап шекпеуі керек!»

Dalanews 02 жел. 2021 08:43 757

Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жылыту маусымының өту барысы туралы кеңес өткізді. Селекторлық жиынға жылыту маусымына уақытылы дайындық жүргізу және оны өткізу жөніндегі облыстық штаб мүшелері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері, аудан, қала әкімдері, тиісті коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты. Жиында облыс әкімі тиісті көлемде қатты отынның жеткізілмей отырғанын сынға алып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Жылыту маусымы басталғалы облысымызға қажетті қатты отын көлемі әлі толық жеткізілген жоқ. «Қаражыра» кен орнынан әкелінген көмір көлемі 300 мың тоннаға жуық немесе 54% ғана құрап отыр, бұл өз кезегінде халықтың көптеген наразылығын тудыруда. Осыған байланысты қазіргі жиында жылыту маусымының өту барысын қарастырамыз, - деді Қ.Бозымбаев.

Тақырыпқа қатысты алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов баяндады. Баяндамашының айтуынша, облыста жылумен жабдықтауды жалпы 35 орталықтандырылған қазандық жүзеге асырады, оның 16-сы газбен, 16-сы көмірмен, 3-еуі мазутпен жұмыс істейді. Жылумен жабдықтау кәсіпорындарына қатты отын қажеттілігі 405,3 мың тонна, бүгінгі күнге 221,9 мың тонна немесе 55% жеткізілген. Қоймалардағы көмір қалдығы 49,9 мың тонна. Мазут қажеттілігі – 15 мың тонна, қалдығы – 6,6 мың тонна.

Бюджеттік нысандарға отын жеткізу ісі жалғасып жатыр. Мәселен, мәдениет, үйлестіру нысандары бүгінгі күні толық қамтамасыз етілсе, спорттық мекемелерде де бұл жұмыс 91% қамтылып, жұмыс аяқталуға жақын. Ал білім және денсаулық сақтау салалары нысандарына жеткізу тиісінше 64% және 54% құрап отыр. Мұндағы қиындық негізінен кейбір жеткізушілердің жасалған келісімшарттардағы өз міндеттемелерін орындай алмай отын жеткізуден бас тартқанына байланысты туындаған. Осыған байланысты шұғыл түрде шаралар қабылданып, денсаулық сақтау және білім беру объектілеріне жаңа жеткізушілер белгіленді.

Баяндамашы халыққа көмір жеткізу жайына да тоқталды. Б.Тәнекеновтің айтуынша, тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,33 млн. тоннаны құрайды. Көмір «Шұбаркөл», «Қаражыра» және «Ойқарағай» кен орындарынан жеткізіледі. Бүгінгі күнге 1,08 мың тонна көмір халыққа сатылған.

Жалпы сәуірден бері облыстағы тұйықтар мен қоймаларға жоспарланған көмірдің 3876 вагоны немесе  267,5 мың тоннасы жеткізілген жоқ. Желтоқсан айында 173,5 мың тонна жеткізілуі тиіс. Тұрғындарға көмір жеткізіп беруге демеушілердің көмегін, коммуналдық мекемелердің көліктерін тарту арқылы әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек жасалуда.

Көмір бағасының қанша екенін сұраған Қанат Алдабергенұлы басқарма басшысының «Көмір бағасы 14-16 мың теңге көлемінде» деген жауабына көңілі толған жоқ.

– Мендегі мәлімет басқа. Мен көмірдің көтерме бағасын емес, тұрғындарға сатылатын бағасын сұрап отырмын. Халық қазір көмірді 23-30 мың теңге арасындағы сомаға сатып алып отыр. Неге бұлай? Ең алдымен көмір жетіспеушілігін болдырмау керек. Екіншіден, бағаның көтерілуіне жол бермеу керек. Егер көмір жетпей жатса, бағаны қалай ұстап тұра аласыздар? Жұмыстарыңыз нашар, – деді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімі баяндамада небары 15 күндік көмір қоры бар деп атап өтілген Текелі қаласының әкімі Б.Молдахметовтен неге мұндай жағдайдың орын алғанын, көмір жеткізу жұмыстары неге ерте кезден қузалмағанын сұрады. Және бір ғана «Қаражыра» кен орнынан жеткізілуі керек көмірге ғана сеніп отыра беруге болмайтынын, алдағы уақытта Шұбаркөл мен Екібастұз кен орындарынан да көмір жеткізу жағын қарастыру керектігін айтты.

Жиында Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев та қалаға көмір жеткізу жайлы баяндады. Қала басшысының айтуынша, бюджеттік мекемелер жылыту отындарымен толық қамтылған. Қалада қазандықтарды газға ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Талдықорғандағы 9 тұйық пен қоймаға күніне 9 вагон көмір жеткізіліп жатыр.

Дегенмен облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы қала әкімінің отын бағасын тұрақтандырудағы жұмысы нашар екенін айтып, істі ширатуды тапсырды.

Мұнан соң әзірге қажетті көмірдің 67% ғана жеткізілген Қаратал ауданының, осындай көрсеткіші 71% болып отырған Алакөл ауданының әкімдерінен де жағдайдың мән-жайы сұралды.

– Қаратал ауданында жұмыс істеп тұрған 4 тұйықтың 1-еуі жұмысын тоқтатқан. Көмірмен қамту небары 67%. Алакөлде де жағдай мәз емес, бар болғаны 71% жеткізілген. Қанша уақытта 100% жеткізесіздер? – деп төтесінен сұрақ қойды облыс әкімі. Қаратал ауданының әкімі Е.Исабеков күніне келетін көмір вагондарының көлемін арттыру туралы тиісті уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтса, Алакөл ауданының әкімі А.Абдинов желтоқсанның 15-іне дейін жағдайды толық түзетуге уәде берді.

Жиын барысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев қысқы отынмен жеткілікті көлемде қамту, темір жол арқылы тасымалдау мәселелері бойынша тиісті акционерлік қоғамдардың басшыларымен сөйлескенін, олардың барлығы облысқа қажетті қолдау көрсететінін айтты. Істің ендігі нәтижесі – осы салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аудан, қала әкімдерінің жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуіне байланысты.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев күн тәртібіндегі мәселені қарау қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

– Қазір ауа райы жылынып, көмек боп тұр. Егер аяз қысып берсе не істейсіздер? Көмірдің 15 күндік қоры деп отырғандарыңыз 5-ақ күнде таусылады. Сондықтан Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, аудан, қала әкімдіктеріне, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындарда отынның нормативтік қорын қамтамасыз етіп, температуралық режимді сақтауды тапсырамын. Бюджеттік мекемелердің энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың алдындағы дебиторлық берешектерді өтеу шаралары қабылдансын. Бюджеттік сала нысандарына отынның кесте бойынша жеткізілуі қамтамасыз етілсін. Халықты көмірмен қамту шаралары уақытылы қабылданып, бағалардың өсуіне жол берілмеуін қатаң тапсырамын. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына көмірді коммуналдық автокөліктермен жеткізіп беру ұйымдастырылсын. Әр аудан, қалада көмір тасымалдаумен кімдер айналысады, қандай көлікпен тасиды, бәрін біліп отырсыздар. Сондықтан оларды шақырып, тиісті калькуляция жасап, келісім негізінде шекті бағаны қою керек. Оған көнбей ме, көмір тұйықтарына жібермеңіздер. Бағаны бақылаңыздар. Көмір жетіспеушілігінен халық зардап шекпеуі керек! –деді Қанат Бозымбаев.

Халықты көмірмен қамтамасыз етуді нашар ұйымдастырғаны және қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновке сөгіс берілді. Бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аудан, қала әкімдеріне ескерту жасалып, 15 күннің ішінде жағдайды түзету тапсырылды. Егер тапсырма орындалмаса, оларға қатаң шара қолданылатын болады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар