Қырғызстанда президент Садыр Жапаровтың жиеніне үйленбек болған бұрынғы күйеу жігітке үкім шықты. Афтандил Сабырбековке есірткі тарату және қаруды заңсыз айналымға салу айыбы тағылған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Афтандил Сабырбеков 2024 жылдың жазында қоғамға танылған болатын. Ол президент Садыр Жапаровтың жиені Лаззат Нұрқожоеваға тікұшақ жалдап, үйлену туралы ұсыныс жасаған еді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, үлкен қоғамдық резонанс туғызғаннан кейін Садыр Жапаров болашақ күйеу баласының ысырапшылдығы үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Бір айдан кейін Афтандил Сабырбеков пен оның бауырының ұсталғаны белгілі болды. Кейін Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Нұрқожоеваның күйеу жігітінің қамауға алынуына қатысты пікір білдіріп, «мүмкін ол өз қылмыстық істері үшін қамқоршылар іздеген шығар», – деп мәлімдеген еді.
Ал Лаззат Нұрқожоева 2025 жылдың ақпанында грек-рим күресінің балуаны, Қырғызстанның олимпиадалық құрамасының мүшесі Амантур Исмаиловқа тұрмысқа шықты.
10 қазанда Бішкектің Бірінші май аудандық соты Афтандил Сабырбековке қатысты үкім шығарды. Сот оны «Есірткі заттарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау» және «Прекурсорларды заңсыз дайындау» баптары бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтады.
Сонымен қатар, Сабырбеков «Қаруды және оқ-дәрілерді заңсыз айналымға салу» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, «қамаудағы бір күн екі күн бас бостандығынан айыруға тең» деп есептеді. 2024 жылғы 4 шілдеден 2025 жылғы 10 қазанға дейін қамауда болған мерзімін ескере отырып, жазасы толық өтелді деп саналды. Афтандил Сабырбеков сот залында босатылды.
Оның бауыры Тариэль Сабырбеков те бірнеше бап бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Алайда ол «Прокурор, тергеуші немесе анықтау органы қызметіне кедергі келтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бұл жаза да толық өтелді деп есептеліп, ол да сот залынан босатылды.