Үңгіртас ауылында Мәдениет үйі ашылды

Dalanews 01 жел. 2021 12:36 1504

Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне Алматы облысы Үңгіртас ауылында ауылдық мәдениет үйі ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас пен аудан жұртшылығы қатысты.

Аудан әкімі ауылдық мәдениет үйінің ашылуы өңірдің мәдени өмірі үшін жақсы жаңалық екенін атап өтті:

– Құрметті қауым! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін, міне, Үңіртас ауылында жаңа мәдениет үйін ашып отырмыз. Енді мұнда мерекелерге, жақсы жаңалықтарға орай, жастарды тәрбиелеу бағытында игі шаралар тұрақты өткізілетін болады. Осы құрылысты жүргізген құрылысшыларға алғыс білдіремін, – деді ол.

Ауыл тұрғындарын мерекемен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев пен «Ардагерлер» ұйымының төрағасы Батырхан Меңдібаев да құттықтады. уыл тұрғындары атынан Үңіртас ауылдық ақсақалдар кеңесінің өкілі Асанқұл Толоқұлов ризашылығын жеткізді.

Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік мәдениет үйін аралап көрді. Мәдениет үйінде орналасқан кітапханаға сый ретінде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітап сыйға тартылды.

Ауыл тұрғындарына «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық халықтық ансамбль, аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Атап өтсек, Жамбыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, мәдениет үйінің ғимараты 1957 жылы салынған, 2019 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Құрылысты «Өмірзақ» ЖШС атқарды. Ғимараттың жалпы алаңы 698,5 шаршы метр, 200 орынға арналған көрермен залы. Атқарылған жұмыстардың құны -  251 574 000 теңге, жаңарған мәдениет үйіне барлық қажетті құрал-жабдықтар алынып, қызметін лайықты атқаруға барлық жағдай жасалған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар