Қазақстанда сталкингке қатысты жаңа бап бойынша екі қылмыстық іс қозғалды

Асель Қайратқызы 13 қаз. 2025 16:55

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа заң күшіне енгеннен кейін екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz 

16 қыркүйектен бастап Қазақстанда сталкинге (қудалау, мазалау) қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілгені белгілі.

-Заң күшіне енгеннен бері Атырау және Павлодар облыстарында екі қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл- азаматтардың өтініші негізінде қозғалған істер,- деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасында алғаш рет мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жаза қарастырылып отыр. Жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

Егер сталкинг әрекеттері күш көрсету, қорқыту, бопсалау немесе жеке өмірге қолсұғушылықпен қатар жүрсе, бұл іс- әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа да баптары бойынша қосымша сараланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар