Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскер сапын толықтырған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Жетісу облысынан, Астана және Шымкент қалаларынан шақырылған жүзден аса сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олардың қатарында Жаркент қаласынан шақырылған 18 жастағы Рахат Қабылжан да бар. Ол былтыр достарымен бірге әскерге баруға ниет білдіріп, жергілікті әскери басқару органына барған. Алайда кәмелет жасына толмағандықтан әскерге алынбаған.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Жаркент қаласының әкімдігі тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырып, лоттардың бірі ретінде әскери қызметке мотивация ретінде "әскерге жолдама" қосқан.
Мұндай ерекше сыйлықты Рахат Қабылжан ұтып алған. Әскерге баратын жасқа келген жігіт бірден Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етуге аттанған.
"Бұл тосынсый мені қатты қуантты. Жас жауынгер курсынан өткен уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мінез шыңдалып, жауапкершілігім мен тәртібім артқанын байқадым", – дейді қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан.