Бақытжан Базарбек өңірлердегі полицияның алаяқтық пен әрекетсіздігіне шүйлікті

Көркем Алдабергенова 13 қаз. 2025 18:11

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ішкі істер министрлігіндегі тәртіп бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық деректеріне назар аударды. Бұл туралы ол қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған үкіметтік сағатта айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Депутаттың айтуынша, учаскелік инспекторлар арасында заң бұзғандар аз емес. Ол мысал ретінде бірнеше өңірдегі жағдайды келтірді.

«Мысалы, Ақтөбеде учаскелік бір миллион теңге талап еткен. Солтүстік Қазақстан облысында бір учаскелік алаяқтық үшін сотталған. Жетісу облысында полицей 24 миллион теңге тұратын заттай айғақтарды ұрлаған. Ал Шымкентте учаскелік ақша алып, боди-массаж салонын «қорғаған». Осындай жағдайлардың себебі неде және министрлік мұндай фактілердің алдын алу үшін не істеп жатыр?» – деп сұрады Базарбек.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттың сынына жауап беріп, учаскелік инспекторлар арасында заң бұзушылықтар бар екенін мойындады.

«Мұндай деректер расымен бар. Біз бұл бағытта шаралар қабылдап жатырмыз. Қазір кадрлық жұмыс күшейтілді, сондай-ақ Ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметі қайта құрылды», – деді министр.

Сәденов сонымен қатар, әрбір полиция қызметкері антына адал болуға тиіс екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар