Ақтөбе қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы университетке Бекет ата есімін беру жөніндегі бастама қоғамда қызу талқылануда. Бұл ұсыныс қыркүйек айының соңында Ақтауда өткен Бекет атаның 275 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда көтерілген болатын. Конференцияға қатысқан маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар аталған ұсынысты қолдаған, деп хабарлайды Dalanews.kz
Алайда, тарихшы және өлкетанушы Жәнібек Қожық бұл бастамаға қарсы пікір білдіріп, әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады. Оның айтуынша, әулие Бекет атаның есімін кез келген нысанға немесе мекемеге беруге болмайды.
«Бекет ата – рухани темірқазығымыз. Ол атаққа, жарнамаға зәру емес. Университетке оның атын берсек, ертең бір оқытушы парамен ұсталса, әулиенің аты да жаңалықпен бірге аталады. Бұл – қасиетті есімге көлеңке түсіру», – деді өлкетанушы.
Жәнібек Қожық бұған дейін де Бекет ата бейнесінің суретке салынып, медаль немесе кино рөлі ретінде пайдаланылуына қарсы шыққанын еске салды. Оның айтуынша, бұрынғы үлкендер Бекет атаның атын құрметпен ғана атап, тек «Атаға барамын», «Атадан келемін» деп сөйлеген.
«Бекет атаның өз өсиетінде “Менің атымды кез келген жерде атай бермеңдер, тек қиналғанда, қорыққанда атаңдар” деген сөз бар. Сондықтан бұл қасиетті есімді күнделікті тіршілік пен саясатқа араластыруға болмайды», – деді ол.
Журналист Алмат Әбдіраман да бұл пікірді қолдап, әлеуметтік желідегі жазбасында Бекет атаның есімі қасиетті рухтың нышаны екенін атап өтті.
«Бекет ата – әруақтың аты, рухтың қорғаны. Оны тірліктің айқай-шуына араластыру қасиетті суға лай араластырғанмен тең. Әулиенің атын ғимаратқа емес, санаға сіңіру керек. Егер кейінгі ұрпақ Бекет ата дегенде иман мен тазалықты елестетсе, міне – сол ең үлкен құрмет», – деп жазды журналист.
Бүгінде бастама бойынша ресми шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, зиялы қауым мен ел азаматтары әулиенің атын құрметтеудің, рухани мұраға жауапкершілікпен қараудың маңызы жөнінде түрлі көзқарастарын білдіруде.