Қысқа мерзімде ауған территориясын түгелдей қолына қаратқан “Талибан” елде өз тәртібін орнатып, Ислам әмірлігін құратынын мәлімдеп үлгерді. Тәліптер Кабулге тақаған тұста, президент Ашраф Ғани едел-жедел жиналды да елден тайып тұрды. Америка Кабул әуежайын қорғауға алып,
АҚШ-пен байланысы бар дегендерді эвакуациялауда.
“Ал Ресей елшілігін тәліптер қарауылдауда. Мәскеу “Талибанмен” ауыз жаласуы әбден мүмкін. Тәліптермен тіл табысса, бір білгені бар…”, – дейді Иван мырза.
Сарапшы “Талибан” өкілдерінің түнеукүнгі мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Олардың радикалды ұстанымнан таймағанына сенімді. Ауғанстанда толық орнығып алғанға дейін осылай түлкібұлаңға салып, сіз бен бізді алдаусырата тұрмақ.
“Зайырлы” ауғандар тәліптердің топалаңын ұмыта қойған жоқ. Бас сауғалауға мәжбүр болған жүздеген, мыңдаған адам “Талибан” билігінің тирания орнатарына күмәнданбайды. Ауғанстандағы қазіргі жағдайды солардан сұраңыз. Тәліптердің танымы 20 жыл бұрынғы деңгейде қалған, өзгермеді”, – дейді саясаттанушы.
Бірақ бұл Қытай, Ресей секілді елдерді толғандырмайды. Халықтың пікірімен санаспайтын автократ державаларға “Талибан” билігінің тәсілі таңсық емес. Бейжің мен Кремль тәліптермен талайдан бері келіссөз жүргізуде. Сырт көзге адам тағдыры, әйел құқығы, сөз бостандығы секілді тақырыптарға алаңдаған сыңай танытқанмен, шын мәнінде түкіргені бар. Сөй деген Преображенский Ресей мен “Талибан” қозғалысының арасында қандай келіссөз жүргенін тарқатып айтыпты.
“Кремль үшін Ауғанстандағы адам құқығы мен сөз бостандығының аяққа тапталуы трагедия емес. АҚШ билігі елді толық тастап шыққалы, Кремль тәліптермен тіл табысып үлгерді.
Ілгерідегі мәселелерге көз жұма қарайтынын айтып, екі жаққа да тиімді боларлық “әріптестікті” бастап кетуге уағдаласты. Ауғанстан аумағында қазба байлық көп. Ресей үшін бұл аймақ Үндістанға есік ашатын, транзиттік дәліз. Орта Азияны “отарлап” алған ресейлік кәсіпкерлер үшін жаңа әрі ірі нарық.
Есірткі саудасы да бұрынғыға қарағанда қызады. Ауған халқының Американың сандығында жатқан 10 млрд долларға жетеқабыл қаражатын АҚШ билігі тәліптердің қолына ұстата салмасы анық. Демек, олар ескірті саудасымен “жан сақтайды”. Тәліптердің есіркі жасайтын зертханаларды отқа орап жатқаны туралы ақпаратты өз басым естімедім.
“Талибанның” келіссөзге көнетін ыңғай танытуы көзалдау”, – дейді сарапшы.
Оның атап өткеніндей бұл тәліптердің адам құқын сақтап, “зайырлы” ауғандарды қудаламасын білдірмейді.
“Талибан” қазіргі авторитарлы жүйелердің ойын ережесін жетік меңгерген. Тәліптер Кремль мен Бейжіңнен көргенін істейді.
…
Мәскеу Орта Азияның тәліптерден тайсалатынын көріп-біліп отыр. Аймақ елдері осыдан 20 жыл бұрынғы ауған шекарасынан төнген қауіп-қатерді ұмыта қойған жоқ. Путин билігі мұны ұтымды пайдаланбақ.
6 тамызда Түркменстанда бас қосқан бестіктің мәжілісінде ауған мәселесі сөз болған, бұл жайт Путинге бірінші кезекте жеткен.
“ОДКБ-дан қайран жоқ. Қарабақ соғысы соның көрінісі. Ауғанстанмен шектесетін Орта Азия елдерінің шекарасын Ресей әскері күзеткенде ғана тәліптердің тәбетін тежеуге болады. Кремль пропагандасы әзір осы идеяның төңірегінде үгіт-насихат жүргізуде.
Шекараны күзетуді ресейлік әскерилерге табыстау үлкен тәуекелге барумен тең. Путин билігі бұдан кейін Орта Азия аумағында Ресейдің жаңа әскери базаларын ашу туралы әңгімені қайта маздатады. Мұның себебін аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен түсіндіреді. Сөйтіп Мәскеудің аймақтағы ықпалын одан сайын арттыруды көздеп отыр. Путиннің мақсаты осы!
Орта Азияға қайтпек керек? Олар Қытайдың көмегін қабылдамайды. Қоғам қарсы. АҚШ пен Батыстың әскери базаларын орналастырайын десе, Мәскеу мен Бейжіңнің қабағынан қаймығады. Аймақ елдерінің маневр жасайтын мүмкіндігі жоқ…”, – Преображенский.
Оның тұспалдауынша “Талибанның” ауған билігіне келуі Ресейдің Орта Азиядағы ықпалын күшейте түседі. Кремль “Талибаннан” қаймыққан аймақтың Ресейдің құшағына келіп тығылар сәтін күтіп отыр.
…
“Әлбетте, тәліптер Кремльге қауіп төндірмейді деп ойлау, қателік, – дейді сарапшы. Оның салдары уақыт өте білінеді. Орта Азиядағы авторитарлы және диктаторлық жүйеден халық әбден қажыған, олар үшін қолына қаруы алмасы айдан анық. Ауғанстанды “тәліптендіру” процесі табысты жүрсе, Ресей “Талибанмен” тіл табысқанына әлі-ақ өкінеді.
Тәліптер орнатқалы отырған Ислам әмірлігінің ақпараттық агитациясы Кремль пропагандасынан асып түссе таңқалмаңыз. Мұндай жағдайда “Талибан” Орта Азияны әскер енгізбей-ақ “отарлайды”. Исламның радикалды бағыты Орта Азияның өз ішінен жүздеген, мыңдаған, он мыңдаған жақтас табуы мүмкін”.
Сарапшының тұспалдауынша ол кезде Кремльдің Орта Азияға қатысты “ұлы жоспары” жайына қалады.
Ресей 90-жылдағы шешен дағдарысына ұқсас жағдаймен бетпе-бет келіп, партизан стилінде соғысатын террористерді аулауға мәжбүр болады, әрі аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін миллиардтаған қаржы құюына тура келеді.
“Лаңкестермен күрес Путиннің жүрегіне тиген іс. Олармен соқтығысқанды қаламайды. Ислам әмірлігін құрғалы отырған “Талибанның” саясаты жүзеге аспаса жүз мыңдаған ауған Орта Азияға ағылады. Олардың кеудесінен кері итере алмайсыз. Бұл да Кремльге салмақ…”, – дейді саясаттанушы.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ