Салық кодексі жобасына түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауына қабылданды. Бұл ақпаратты Tengrinews.kz порталына Ұлттық экономика министрлігі растады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс Мәжіліске 20 ақпанда жолданған.
«Түзетулер аясында мынадай өзгерістер қарастырылған:
- ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 20 мың АЕК-тен (78,6 миллион теңге) 3 800 АЕК-ке (15 миллион теңге) дейін төмендету;
- Кейбір салалар үшін 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлемені енгізе отырып, ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін ұлғайту.»
11 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов Салық кодексіне түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуді тапсырған болатын.
Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлермен кездесуінде Үкіметке қосымша құн салығы (ҚҚС) мәселесін қайта қарауды тапсырды.
«Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Президент.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы аясында ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу туралы Үкіметтің ұсыныстарын түсіндірді.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», – деді Азамат Әмрин.