Бүгін, 18 ақпанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта АҚШ пен Ресей ресми келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгін түнде Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Эр-Риядқа табан тіреген. Келіссөздер барысында екі тарап Владимир Путин мен Дональд Трамптың алдағы кездесуін талқылайды.
Сонымен қатар Украинадағы қақтығысты реттеу және екі ел арасындағы ынтымақтастықты қайта жандандыру мәселелері көтерілмек. Келіссөз Астана уақытымен 14:00-де басталады.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөз 18 ақпанда Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта өтетінін хабарлаған едік.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, АҚШ тарапынан келіссөздерге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц және арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысады. Уиткофф Сауд Арабиясына Уолтцпен бірге баратынын растады.
Айта кетейік, 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Кремль келіссөздің болғаны туралы деректі растады және Путин Трампты Мәскеуге шақырғанын хабарлады.
Ресей Федерациясының басшысымен сөйлескеннен кейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалды. Зеленскийдің айтуынша, Трамп Путинмен арада болған әңгімемен бөліскен. Зеленскиймен сөйлескеннен кейін Трамп Украина басшысы Путин сияқты бейбітшілік орнатқысы келетінін айтты.
Бұған дейін Путин мен Трамптың кездесуі Сауд Арабиясында болуы мүмкін екені туралы хабарланған еді. Сонымен бірге араб елі кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Ал Владимир Зеленский Украина өзінің қатысуынсыз жасалған бейбіт келісімдерге келіспейтінін айтты.
"Украина өзінің қатысуынсыз тасада жасалған мәмілелерге ешқашан келіспейді. Дәл осындай ереже бүкіл Еуропа үшін қолданылуы керек. Украинасыз Украина туралы шешім жоқ. Еуропасыз Еуропа туралы шешім жоқ. Еуропа туралы шешім қабылданған кезде Еуропаға үстел басында орын болуы керек", - деді ол.
Оның айтуынша, Украина мен Еуропасыз мәміле жасалған жағдайда "бәрі ұтылады". Сондай-ақ Зеленский Путиннің АҚШ-пен Украина мен Еуропаның қатысуынсыз келіссөздер жүргізуге тырысып жатқанын айтты.
"Содан кейін не болады дейсіздер ме? Путин АҚШ президентін осы жылдың 9 мамырында Қызыл алаңда тұратындай етуге тырысады. Құрметті көшбасшы ретінде емес, оның өз қойылымындағы реквизиті іспетті. Бізге бұл қажет емес. Бізге нағыз жетістік керек. Шынайы бейбітшілік керек", - деді Зеленский.
Сонымен қатар, Зеленский Украина одақтастарымен бірге Владимир Путинді тоқтату үшін қауіпсіздік кепілдігін дайындауы керек екенін атап өтті.