Түріктердің бұлай істеуінің себебі түсінікті. Оның артында «Түбі бір түркіміз!» деген ой жатыр. Орталық Азиядағы түркітілдес республикалар тәуелсіздігін жариялауымен қоса соған дейін беті ашылмай келе жатқан бір жай көмескіден көрнеуге шықты. Адамзат мәдениетінің даму тарихында өзіндік орны бар түрік мәдениеті сан тарау болып ағып келіп, уақыттың бүгінгі кезеңіне келгенде қайтадан бір арнаға тоғысуға мүмкіндік алғанын аңғартты. Мейлі, біздер – Түркия мен Орталық Азиядағы елдер – тарихи себептерден саяси жүйеміз бен жасап отырған қоғамымызда, ел құрудағы ұстанымымыз бен жүрер жолымызда қаншама ерекшеліктер болғанымен, бәрібір біздегі ортақтықтың орнын баса алмады. Бұны кәрі уақыттың өзі дәлелдеп өтті. Саясат бізді бөліп тұрғанымен, мәдениет біздің ажырамас бірлігімізді сақтады. Жаңа кезеңдегі түбі бір түркілерді тарихи мәдениеті сабақтап тұр десек, оның арқауы арыдан келген тілі мен әдебиетінде жатыр. Бірнеше мың жылдан бері Орталық Азияда айнала қоршаған империялардың ашылған арандарына жұтылмай, жұтылса да қорытылмай аман қалу қандай ерлік болса, осы ерлікті тану, осы ерлікті жасаған мәдениетті мойындау да – сондай ерлік.
2006 жылы Швеция Әдебиет академиясы сол жылғы Нобель әдебиет сыйлығын Түрік жазушысы Орхан Памукке беріп, дәл сондай ерлік жасады. Бұған дейін Нобель сыйлығы Батыс өркениетінің өкілдерінен тыс, үнді (1913 ж), жапон (1967 ж, 1994 ж), қытай (2000 ж), Латын Америкасындағы үндістермен аралас мәдениет (1945 ж, 1967 ж, 1982 ж, 1990 ж), араб (1988 ж), славян (1933 ж, 1958 ж, 1970 ж) сынды өркениеттер мен мәдениеттердің өкілдеріне берілген болатын. Осылардан кейін жоғарыдағы өркениеттердің біразының қақ ортасынан ойып орын алып, неше ғасыр бойында сол өркениеттерді бір-біріне сабақтап келген түркі мәдениетінің өкіліне Нобель сыйлығын беру кезек күтіп қалған еді. Кейін Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің өз алдына ел болуы бұл ұстанымға тіпті де түрткі болды. «Жас қазақ» газетінің 2005 жылғы №26 санында «Қазаққа Нобель сыйлығы керек» деген мақаламызда шетелдің Нобель сыйлығын зерттейтін оқымыстыларының бірер көзқарасына орын берген едік. Онда зерттеушілер Нобель сыйлығының өткен бір ғасырлық тарихына пайымдау жасай келіп, Нобель әдебиет сыйлығы «Осы уақыт аралығында (XXI ғасырдың алдыңғы ширегінде) Орталық Азиядан (түркі мәдениетіне қатысты) бір ақын, енді бір жазушыға берілуі мүмкін» деген болжам айтқан. Арада жыл өткенде Түрік жазушысы өткен бір ғасырда қалған сол бостықты толтырып, Нобель сыйлығының иегері атанды. Бұларды тек қана сәйкестік деуге болмайды.
Бұдан соң «Швеция Әдебиет академиясы алғашқы Нобель әдебиет сыйлығының иегері етіп неліктен түрік жазушысы Орхан Памукты таңдады?» деген заңды сауал туады. Біздіңше, мұның төмендегідей себептері бар.
Біріншіден, Түркия – түркітілдес елдердің ішінде Кеңес Одағы құлағанға дейін тәуелсіз болып тұрған бірден-бір түркітілдес ел немесе түркі мәдениетін мемлекет формасында сақтап, дүниеге танытқан жалғыз мемлекет.
Екіншіден, Түркия – батыс мәдениетіне дос болмаса да, қас болған жоқ, қайта белгілі деңгейде батыс мәдениетімен араластық қалып танытты, тіпті айналасындағы өзге мәдениеттермен (айталық, араб, парсы) салыстырғанда батыс мәдениетімен үндесе білді. Орталық Азиядағы түркітілдес елдер тәуелсіздік жариялағаннан кейін батыс өркениеті үшін Түркияның бұндай «жақындастық» орны тіпті де көрнектілене түсті. Батыстықтар Орталық Азия елдеріне Түркияны үлгі етіп көрсете отырып, өздеріне тарту бағытын ұстанды.
Үшіншіден, Орхан Памук – түріктің өзге аға буын қаламгерлерімен салыстырғанда әдебиетке 1980 жылдардан кейін келген жас буынның өкілі. Түркия үшін де, Орталық Азиядағы түркітілдес елдер әдебиеті үшін де бұның символдық мәні өте зор. Ендігі жерде Нобель сыйлығының тұңғыш иегері ретінде Орхан Памук бірден түркітілдес елдердің әдебиетке тәуелсіздіктен кейін келген ұрпағының туын ұстаушыға айналады. Бұл Орталық Азиядағы түркітілді елдер әдебиетінің бұған дейін баса билеген орыс әдебиетінің илеуінен шығуына жетекші күш табылды деген сөз.
Ал бұл бұлқыныстың артында нағыз рухани тәуелсіздікке ұмтылу – саяси, идеологиялық сенімнің өмір сүретіні өзінен өзі түсінікті. Орхан Памуктың жасампаздығына назар салсақ, оның түрік әдебиетіндегі жаңа буын екеніне бірден көз жеткіземіз. Шығармалары әлемнің 40 тіліне аударылған (Нобель сыйлығын алудан бұрын) осы жазушы турасында батыстың әдебиет сыншылары қашанда бір ауыздан «М.Пруст, Т.Манн, Х.Л.Борхес, И.Калвино, У.Экостардың ізбасары» деген марапат айтады. Жоғарыдағы қаламгерлер бүгінгі әлем әдебиетінің жаңа деңгейін көрсетіп тұрған тұлғалар саналатыны белгілі. Нобель сыйлығы бұған дейін жоғарыдағы қаламгерлердің топырағынан шыққан ең жас буынға берілмей келген еді. Ал, Орхан Памукке келгенде әдебиетте модернизм мен постмодернизмді өзара сіңіре білген ең жаңашыл осы ұрпақтың өкілі Нобель сыйлығының иегері атанды және бұл қаламгер түріктілді әдебиеттен шығып отыр.
Жазушының 1985 жылы жарық көрген «Ақ қорған» (Beyaz Kal) романында XVII ғасырдағы батыстық (венециялық) қолға түскен құл мен Осман империясының оқымысты-ғалымы ортасындағы әңгіме баяндалады. Бұл екі адам болмыс-бітімінен тартып мінезіне дейін ұқсамайды. Батыстық –шығыстықтарша әңгіме айтуға құмар, қиялшыл адам, ал шығыстың оқымыстысы – батыстықтар сияқты ғылымға шексіз берілген, қашанда байыпты ой айтатын, салқынқандылығымен көзге түседі. Романда бұл екі адам таласа-таласа келе ақырында бірінің кемшілігін бірі толықтай бастайды. Екеуі соңынан киім ауыстырады да, батыстық шығысқа бет алады, шығыстық оқымысты батысты бетке алады... Роман «мәдениеттер бірін-бірі жаулап жұтуы керек» деген көзқарасқа түбірімен қарсы ой айтады. Бұл тақырып Орхан Памуктың бүкіл романдарының негізін құрайды.
Жазушы келесі «Қара кітап» (Kara Kitap, 1990 ж) романында өз дәуірінің ең жаңа әдебиет ұғымдарын шығармашылығына сіңіруге тырысқан. Бұл романды модернизм мен постмодернизмдік дүниетаным әр қырынан айшықтап тұр. Автордың тақырып жағында жоғарыдағы «Батыс пен Шығыс қатынасына» соға отырып, дәстүрлік прозаның шеңберінен шығып кеткен жаңа роман жазу ұмтылысының түп мақсаты – адамзаттың осызамандық санасына терең үңілу сынды қажеттіліктен туындаған.
Бір күні адвокат үйіне оралғанда інісі мен әйелінің жазым болғаны туралы хабарды естиді. Бұл романда журналистік стиль, барлаушылық романдарға тән қолтаңба бар, жанрлық шектемелік жойылған, уақыт пен кеңістік жиі бұзылады. Бұл роман қай жағынан қарасаң да аты затына сай бүгінгі «Жаңа романдардың» талғамынан шығады. Батыстың бір сыншысының бұл роман туралы «Қара кітап» оқиғаны баяндамайды, қайта оқиғаны қалай баяндауды баяндайды» дегені бар. Роман – Түркия қоғамының бүгінгі мәдениеттік болмысын тұрақсыздықтан іздеген. Бұл кітапқа кезінде Түркияның солшыл бағыттағы қайраткерлері қатты шүйліккен екен.
Романның оқиғасы қарапайым: жас адвокаттың әйелі жоғалып кетеді. Шарқ ұрып әйелін іздеген адвокат әйелі өзімен әкесі бір, шешесі басқа інісінің етегін ұстап кеткенін біледі. Бұл адам алыс-жақынға белгілі журналист еді. Сонымен адвокат журналист інісінің дерегін ол жазған мақалалардың ізімен кесуге көшеді. Осы барыста адвокат әйелі мен інісінің «Жарық сарай» деген үйде тұрып жатқанын біледі. Адвокат ол араға барғанда қашқындар әлдеқашан із жасырып үлгерген болып шығады. Сонымен адвокат інісінің атымен газеттерде мақала жариялай бастайды. Алайда ол інісінің мақаласын оқымаса өз жұмысын жүргізе алмайды... Бір күні адвокат үйіне оралғанда інісі мен әйелінің жазым болғаны туралы хабарды естиді. Бұл романда журналистік стиль, барлаушылық романдарға тән қолтаңба бар, жанрлық шектемелік жойылған, уақыт пен кеңістік жиі бұзылады. Бұл роман қай жағынан қарасаң да аты затына сай бүгінгі «Жаңа романдардың» талғамынан шығады. Батыстың бір сыншысының бұл роман туралы «Қара кітап» оқиғаны баяндамайды, қайта оқиғаны қалай баяндауды баяндайды» дегені бар. Роман – түркия қоғамының бүгінгі мәдениеттік болмысын тұрақсыздықтан іздеген. Бұл кітапқа кезінде Түркияның солшыл бағыттағы қайраткерлері қатты шүйліккен.
1998 жылғы «Менің атым – Қызыл» (Benim Adim Kirmizi) романында «Батыс пен Шығыс қатынасы» мәселесі қайтадан көтерілген. Романның оқиғасы 1591 жылы Стамбұлда туған суретшінің қастандықпен өлуінен өрбиді. Сыншылар бұл кітаптың тетігі «ислам дүниесіндегі зер сурет өнерінің батыстың реалистік суретінің әсерінде дағдарыстарға ұрынып, өз әлсіздігінің шырмауында маталып қалған болмысы арқылы бүгінгі түрік қоғамының көзге көрінбейтін тасадағы қайшылықтарын ашқандығында» деп қарайды. Романда түрік сұлтанының әмірімен ерекше бір сурет сызу тапсырмасын алған әйгілі суретшінің денесі құдықтан табылады. Бұл адам өзге екі суретшімен бірлесе отырып, Еуропада сол тұста жаңадан бой көтеріп келе жатқан сурет өнерінің артықшылықтарын қабылдай отырып, түрік сұлтанының өмірін бейнелемек болады. Бірақ олардың бұл міндетті орындауы біреулерге жақпайды. Сонымен суретші өлтіріледі. Бұл қастандықты тексеруді қолға алғандар бар сырдың шешуі суретшінің артында бітпей қалған суретте екенін аңғарады. Ол суретте қарапайым ғана жылқы суреттелген еді. Бірақ үңіле келгенде, ол жылқының бойында өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктің бар екенін байқауға болатын. Ол жылқы әсілінде, жылқы баласына ұқсамай сызылған – танауы екіге айырылған еді...
Жоғарыдағы романдар Түркияның бүгінге дейінгі дәстүрлік мәдениетінің болмысына үңілген болса, 2002 жылы жарық көрген «Қар» (Kar) романы бірден бүгінгі түрік қоғамына назар аудартады. Романнан автордың бүгінгі замандық роман жазу стилін жетік меңгергенін байқаймыз. Кітаптағы оқиға қарапайым: ұзақ жыл Германияда сергелдең болып жүрген Ка (Ka) деген ақын жігіт 12 жылдан кейін еліне оралады. Ол газет тілшісі салауатымен Түркияның шығысындағы Карс деген қалашықта өтетін сайлауға қатысты бір мақала жазбақ болады. Ка Карс қалашығына келген күні қалада қар жауады. Ол қар қаланың қатынасын үш күн бойында өзге әлемнен үзіп тастайды. Сонымен тұйықталып қалған үш күнде қалашықта Түркияның өткен бір ғасырда басынан өткізген түрлі-түсті оқиғалары түгелге жуық қайталанады: сайлау болады; діншілдер бас көтермек болады; соңы әскери төңкеріске ұласады; террористерді террористер құртады...
Ка бұлардың бәрінің куәсі болады. Төрт жыл бойында жыр жазбаған ақын кенеттен шабыты келіп, 19 жол өлең жазып тастайды. Жоғарыдағы түрлі-түсті даңғаза айғайлардан кейін Ка жауып тұрған қарға қарап адам мен табиғаттың үндестігінен қиялға беріліп «Шіркін, кірлеген қап-қара санамызды мынау қар тап-таза қылып жуып кетсе ғой» деген ой кешеді... Жоғарыдағы төрт романнан біз Орхан Памуктың Шығыс пен Батыстың әдебиет дәстүрін толық меңгергенін байқаймыз. Бұның өзі бұдан кейінгі түркі тілді әдебиеттің осы бағытта дамуына қозғаушы күш болатыны айдан анық.
Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ