2026 жылдан бастап балалар лагері лицензиямен жұмыс істейді

Қаракөз Амантай 02 қаң. 2026 17:10

Қазақстанда балалардың демалысы мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа талаптар енгізіледі. Мемлекет басшысы осыған қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2026 жылдан бастап еліміздегі стационарлық балалар лагерлері міндетті түрде лицензия негізінде жұмыс істейтін болады. Бұл талап жыл бойы немесе маусымдық режимде қызмет көрсететін лагерлердің жұмысына ортақ стандарт енгізуді көздейді.

Жаңа заң бойынша қосымша білім беру ұйымдары екі санатқа бөлінеді:

— білім беру-сауықтыру бағытындағы мекемелер лицензия алуы тиіс;

— ал өзге ұйымдар қызметін хабарлама тәртібімен жүзеге асыра алады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңашылдық саладағы реттеу тетігін жеңілдетіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Осы арқылы балалардың демалысы, оқу үрдісі және сауықтырылуына қатысты бірыңғай қауіпсіздік талаптары белгіленбек.

Сонымен бірге лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ұйымдардың әкімшілік жүктемесін азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін жояды. Алайда мемлекеттік бақылау тетігі бұрынғыдай сақталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар