Бұдан былай Амстердамдағы қалалық музей әлемге аты мәшһүр суретші - Казимир Малевичті украин ұлтының ұлы деп таныстырады. Бұған дейін музейдегі өнер жауһарларын тамашалауға келетін көпшілікке "Малевичтің ұлты - орыс" деген мағлұмат берілетін еді. Айта кетелік, Киев - суретшінің кіндік қаны тамған қала.
Бұған долданған Кремль пропагандистері әйгілі суретшіден "айырылып" қалғанына қапаланып, Батыс идеологтарын жеті атасына жеткізе қарғап-сілеуде.
"Малевич орыс империясының өкілі. Ол тұстағы Украина патшалық Ресейдің қоластындағы дәрменсіз, мүсәпір мемлекет еді. Казимир де, Киев те біздікі...", – дейді орта ғасырдың өлшемімен ойлайтын орыс қоғамы.
Батыс елдері Малевичтен бөлек, сіз бен біз осы күнге дейін орыс деп келген бір шоғыр суретшінің түп-тұқиянына қайта үңіліп, олардың орыс тұқымына үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын анықтаған.
Бұдан былай Нью-Йорктегі музей Иван Айвазовский, Архип Куинджи мен Илья Репинді украин суретшілері деп танитын болады. Қылқалам шеберлерінің өмірбаянына тиісті өзгеріс енгізілген.
Ілгерідегі суретшілер Украин топырағында туған. Айталық, Архип Куинджи орыстар оккупациялап алған Мариуполь қаласының тумасы. Нью-Йорк музейі Куинджи картинасының бүйірінен Путин шапқыншылығынан қирап қалған Мариуполь туралы мәлімет берген.
Илья Репин басқыншылардың бетін қайтарған Харьковтың түбіндегі Чугуев қаласында дүние есігін ашті. Әйгілі Айвазовский 2014 жылы Ресей отарлап алған Қырым түбегінде өмірге келді.
Ендігі өркениетті әлем осынау қылқалам шеберлерін украин ұлтының өкілі деп танитын болады. Бұдан бөлек Нью-Йорк музейінің төріндегі француз суретшісі Эдгар Дегтің "Орыстың биші қызы" дейтін картинасы "Украинның ұлттық киіміндегі биші қыз" деген атауға өзгертілді.
"Аты аталған суретшілер көзі тірі болса, өздерін орыс әлемінің өкілі ретінде дәріптеуге қарсы болар еді. Өнер атаулы зорлық пен зомбылықты көтермейді. Ресейдің мәдени экспансиясы бейнелеу өнерінде әділетсіздік орнатып, осы күнге дейін ұлы суретшілердің шығу тегін бұрмалап келген", – дейді Батыс идеологтары.