Назарбаевтың мемуары: "Димекең мені кешіре алмады..."

Көркем Алдабергенова 08 ақп. 2024 13:33 7746

Назарбаевтың "Менің өмірім" туындысы көптің талқысында. Кітапта экс президент пен Қонаевтың қарым-қатынасында қара мысық жүріп өткені жайлы да айтылады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қонаев Назарбаевты ізбасарындай көріп, жанынан бір елі тастамауы әлдекімдердің қызғанышын тудырған көрінеді. Соңынан шам ала түскендер осылайша ортада әңгіме тасып, араға сызат түсірді-мыс.

– Қонаев қазақтың тарихын құрмет тұтты, қазақтың кең даласына қарап "Ұлан-ғайыр даланы қарашы, енді тек тәуелсіздік болса..." деуші еді іс сапарға шыққанда", – деп бастаған тұңғыш президент.

Себебі Қонаев орталықтың ықпалынан шықпай, тұсау салған күй кешкен. Назарбаевтың айтуынша, Қонаев қолдан келгенше аянбаған. Хрущевтың Маңғышлақтықтың мұнайын түрікмендерге беруге, оңтүстіктегі мақталы аумақты өзбектерге өткізуге қарсы шығуы соған дәлел. Ашық әрекеті үшін қызметтен шеттетілгені бар, ол тек Брежнев билікке отырғанда ғана оралды. Брежневке қалыптастырған беделі үшін де қарыздар.

– Қонаевпен бірінші кезекте байланыстырғаны – қарапайым ортадан шыққанымыз. Оның үстіне мамандығымыз егіз. Бірақ, мен де жастайымнан партияда сатылап өсіп, мінсіз карьераға ұмтылдым. Мәскеу де қырын қараған жоқ. КОКП орталық комитетінің хатшылығына есеп беру кезінде Сусловтың көзіне түсіп, сөзімді сөйлеуі кандидатурамды қолдауда көмектесті. Дегенмен ол кезде Қонаевтың демеуінсіз обкомға бару арман болатын, – дейді Назарбаев.

Кітапта жазушы Сергей Плехановтың естелігі бар: "Қонаев пен Назарбаев – екі дәуірдің адамы. Уақыт өте Қонаев "ұлын" шеттеткісі келді. Билеушіге тыныштық керек болды. Бірақ, Назарбаев ұстаз ұстанымын аяқ асты етпей, мәмілеге жақын болды" делінген.

Бұл орайда экс президент жағдай осыған келіңкірегенмен, Плеханов артық кетті деген пікірде. Себебі, Қонаевпен текетірес экс Елбасыға керек болмаған. Өкінішке қарай, бәрібір де Қонаев мұны билікке ұмтылыс деп бағалапты.

1986 жылы өткен Қазақстан партиясының кезекті съезіндегі Назарбаевтың баяндамасы да араның ажырауына себеп. Мұнда экс президент республикалық экономиканың күйреуіне кінәлілерді айыптап, тіпті Қонаевтың ағасы, сол кездегі Қазақ Ғылым академиясының президенті Асқардың орынсыз әрекетін әшкерелеген. Алайда Қонаев бірауыздан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланды.

– Ашық айыптаудан соң құдалау болды. Сол баяндама жарияланған газеттердің барлық тиражы сатылып кетті. Атыма 53 анонимді шағым түсіп, ауылдағы үйге дейін тексеру басталды. Мұның барлығы Қонаевты қаралады деп шығарғысы келгендердің ісі, – дейді Назарбаев.

Бұған қоса Қонаев Назарбаевты Министрлер Кеңесінің Төрағасынан алып тастау туралы ұсынысымен Горбачевка барғаны келтірілген. Бірақ, Қонаевтың тарапына шағым көп екенін алға тартқанда ол бірден қызметтен кетуді шешкен.

Сол күні "Енді кім келеді?" деген бір сұрақ ғана болды. Горбачев мемуарларында Қонаев ізбасарларының атын атамай,"билікке ресейліктен біреу келсін" деп айтты деп көрсеткен

– Орнына мені ұсынбайтыны түсінікті еді. Бірақ, Қонаев барды да, жоқты да, биікке көтеріліп, құлауды да бастан кешті. Білікті, тәжірибелі азаматтың жеке ренішін жеңе алмауын ұқпадым сол уақытта. Мәскеуден келгенде де билікке орыс келетінін айтты. Айтқаны айдай келді де. Ал ол оқиға ұлттық рухты көрсетіп берді, – дейді экс президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар