Мақтаралдағы бал арасын бағып отырған «Азамат» шаруа қожалығының өніміне бүгінде қытайлықтар «құда түсіп» қойыпты. Қожалықтың жұмысын жүргізіп отырған Марат Мұратовтың айтуынша, аралардың бір ұяшығынан жылына 40 литр бал алады екен. Мұндағы 3 тележкадағы 300 ұяшықтан жылына 15 тоннаға жуық бал алып жатыр. «Аралар суыққа төзбейді. Мақтарал ауданының ауа-райы басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жылы әрі мұндағы жауын-шашынның аз болуы – бал араны бағуға өте қолайлы. Сондай-ақ, кермек, жантақ, жыңғыл, мақтаның гүлі сияқты т.б. аралар нәр алатын өсімдіктер мұнда өте көп» - дейді Марат Мұратов7
Бал араның өніміне деген сұраныс өте жоғары. Балды Мақтаралдың мектептері мен балабақшалары-ақ толықтай сатып алады екен. Өнімнің литрі – 1000 теңге. Тіпті, 4-5 есе қымбат бағаға Қытайдан жүз тонна экологиялық таза балға тапсырыс келген. Қожалық сол сұранысты өтеу үшін жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, «Техас балы» қауымдастығы да «Азамат» шаруа қожалығының балын жиі сатып алады.
Араны бағудың еш қиындығы жоқ. Тек көкқұс деп аталатын құстан қорып, балын уақытында жинап алып отыру керек екен.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясында: «Біздің еліміз инвестиция үшін және технологиялар трансферті үшін Еуразиядағы ең тартымды болуға тиіс. Мұның принципті маңызы бар. Біз инвесторларға қолда бар артықшылықтарымызды көрсетуге тиіспіз»,- деп атап өткен болатын. Осы орайда қолда бар артықшылығын көрсетіп үлгерген Мақтаралдың бал шаруашылығы әлі талай инвесторларды өзіне қызықтыратыны сөзсіз.