Өткен жылы аудандағы мақташылар мақта зиянкестерінен қатты жапа шеккені есімізде. Биыл ерте дабыл қағылып, еңбекқор шаруаларымыз тиімді әрекет жасағандықтан, зиянкестермен күрес сәтті жүріп, былтырғыға қарағанда мақта шығымдылығы біршама тәуір болды.
Биыл орташа есеппен гектарынан 22,4 центнерден өнім алынды. Мақта терім науқанына 347 терімшілер бригадасы, 113 комбайн жұмылдырылды. Ауданда мақта өңдейтін 5 зауыт, мақта қабылдайтын 69 бекет бар. ТМД-да теңдесі жоқ «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Биыл мақтааралдың диқандар 12 546,1 гектар жерге бақша дақылдарын ексе, оның ішінде 10 878,9 гектары – қауын. Сондай-ақ, 1 667,2 гектар жерге қарбыз егілген.
Өткен жылы Түркістан облысында 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдері өндірілсе, соның 600 мың тоннасы Мақтаарал ауданының диқандарының еншісіне тиіп, оның басым бөлігі экспортқа шығарылды. Қазіргі таңда «Мырзашөл» қауындары Ресейде, тіпті Шығыс Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде танылып үлгерді.
Бақша өнімдері жергілікті диқандар үшін тиімді бизнес көзіне айналды. Осы ретте Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Мырзашөл» қауынының экспортқа жарамды сорттарын шығарып, диқандардың табысты еңбек етуіне үлкен үлес қосқанын айта кетуіміз керек.
Dalanews.kz