Қырғызстанда блогер Актилек Орозбеков пен Kulikov кондитерлік желісі арасындағы тілге қатысты дау тараптардың татуласуымен аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл мәселе желіге қарасты мекемелердің бірінде болған оқиғадан кейін басталған. Әлеуметтік желілерде "тілдік патруль" атанып кеткен Орозбеков мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұған дейін белсендіге қатысты берілген арыз кері қайтарылған. "Куликов" кондитерлік үйінің ресми өкілі жанжал келіссөздер нәтижесінде реттелгенін, тараптар өзара түсіністікке келгенін атап өтті.
Актилек Орозбеков те мұны растаған. Оның сөзінше, компанияға да, оның қызметкерлеріне де ешқандай шағымы жоқ. Белсендінің айтуынша, бұған дейінгі жағдай өзара түсінбеушіліктен туындаған.
Сонымен қатар, Орозбеков өзінің қызметі қырғыз тілін дамыту мен насихаттауға бағытталғанын, қандай да бір қақтығыс туғызуды мақсат етпегенін жеткізді. Ол алдағы уақытта мұндай мәселелер диалог арқылы, өзара құрмет аясында шешіледі деген үміт білдірді.
