АҚШ Мемлекеттік департаменті иммиграциялық визаларға қатысты ережелерді жаңартты. Қазақстан азаматтары үшін 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндай визаларды беру уақытша тоқтатылады. Алайда өтініш тапсыру және сұхбаттан өту мүмкіндігі сақталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бірқатар ел азаматтарына арналған иммиграциялық визаларға қатысты жаңартылған талаптарды жариялады. Құжатта визалық саясаттың қайта қаралып, болашақ иммигранттардың қаржылық дербестігіне басымдық берілетіні айтылған.
«Президент Дональд Трамп иммигранттар қаржылық тұрғыдан өз-өзін қамтамасыз етіп, америкалықтар үшін қосымша салмақ болмауы тиіс екенін анық айтты»,- делінген жарияланымда.
2026 жылғы 21 қаңтардан бастап Мемлекеттік департамент 75 елдің азаматтарына иммиграциялық визалар беруді уақытша тоқтатады. Бұл тізімге Қазақстан да енген.
Сонымен қатар, қазақстандықтар бұрынғыдай өтініш тапсырып, сұхбаттан өте алады, алайда осы кезеңде иммиграциялық визалар берілмейді.
Ерекше жағдай тек қос азаматтығы бар тұлғаларға қарастырылған: егер олар тізімге кірмейтін елдің паспортымен құжат тапсырса, шектеу қолданылмайды.
Бұған дейін берілген визалар бұл өзгеріске жатпайды, олар жойылмайды. АҚШ-қа кіру мәселелері бойынша АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне жүгіну қажет.
Туристік визаларға бұл шектеулер қолданылмайды, уақытша тоқтату тек иммиграциялық визаларға қатысты.
