Шымкентте ер адам кәмелетке толмаған қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Бұл туралы жәбірленуші мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
EGov.press телеграм арнасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласының 17 жастағы тұрғыны өзіне қатысты ауыр қылмыс жасалғанын мәлімдеген. Айтуынша, өзін бұрын-соңды көрмеген ер адам бірнеше серігімен жол бойынан күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып қашқан.
“Мүлдем танымайтын ер адам алып қашты. Кейін оның мақсатын түсіндім, мені әйел қылып алмақ болған. Артынша мені Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына алып барғанын білдім. Үйге кірген кезде олардың туыстары мен жеңгелері орамалдарын ала жүгіріп, балалары отшашу атып жатты. Алып қашу сәтін камераға түсіріп жүрген адамдар да көп болды. Сол кезде бұл әрекеттің алдын ала жоспарланғанын түсіндім”, - дейді ол.
Жәбірленуші ата-анасының ол кезде қасында болмағанын күдіктілер біле тұра, жағдайды әдейі ұйымдастырғанын айтады.
“Мен бірнеше рет 17 жаста екенімді айтып, ата-анама хабарласу керегін талап еттім. Алайда соған қарамастан, олар мені күштеп өз үйлеріне кіргізді”, - деп қосты ол.
Кейін күдіктілер телефонын тартып алып, өз еркімен барғанын және ешқандай мәжбүрлеу болмағаны туралы қолхат жаздыруға тырысқан.
“Егер қолхат жазбасам, телефонымды бермейтіндерін айтты. Мен қолхат жазбайтынымды айтқаннан кейін, олар мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі”, - дейді жәбірленуші.
Сонымен қатар күдіктілер айтқандарына көнбесе, қамап ұстайтындарын айтқан.
“Олар бұл әрекеттерін “қазақшылық”, “дәстүріміз осындай”, “бұл үйден қыз болып шықпауың керек” деп ақтауға тырысты. Сонымен қатар ары қарай оқуға бармайтынымды, бұл үйден шықпайтынымды айтты”, - дейді ол.
Жәбірленушінің сөзінше, мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа түсіргеннен кейін, олар төсек жаймасын алып, келесі бөлмеде отырған жеңгелеріне барып “сүйінші” сұрап, өздерінше тойлаған.
“Ал болған зорлық-зомбылықтан кейін менің қандай күйде болғаным ешкімді қызықтырмады, ешкім жағдайыма мән берген жоқ”, - дейді ол.
Жәбірленуші араға ұзақ уақыт салмай күдіктілердің үйінен қашып кеткен. Алайда содан бері бұл іс бойынша ешкім тергелмеген әрі жауапкершілікке тартылмаған.
“Қазіргі таңда мен анам мен бауырларымның жанындамын. Маған қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ осы болған оқиғаға қатысы бар барлық адамның қатаң жазаланғанын сұраймын”, - деді ол.
