Түркістан облысының тұрғыны Алмас Садақбаев өз әкесіне жүйелі түрде күш көрсетіп, азаптағаны үшін 5 жылға сотталды. Сот оны кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл оқиға өткен жылдың қыркүйек айында жұртшылықты дүр сілкіндірген. Әлеуметтік желіде көршілерінің бірі жасырын түсірген бейнежазба тарады. Видеода ер адамның өз үйінің ауласында қарт әкесін аяусыз соққыға жығып жатқан сәті анық көрінеді. Қарияның бет-аузы қанға боялып, орнынан тұра алмай қалған. Сол кезде ұлы әйелін шақырып, екеуі қартты әрең дегенде үйге сүйреп кіргізген. Араға уақыт салып, зейнеткер көз жұмды.
Аталған дерек бойынша полиция ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі тергеді. Алайда әйелге қатысты «ұрып-соғу» бабымен қозғалған іс дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылған. Марқұмның тірі кезінде дәрігерлердің бақылауында болғаны, жүрек ауруы мен омыртқа остеохондрозынан зардап шеккені де сотта айтылды.
Сот үкім шығар алдында 41 жастағы Алмас Садақбаев соңғы сөзін сөйледі. Ол көз жасына ерік беріп, жасаған ісіне өкініш білдірді, ағаларынан және Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Сондай-ақ соттан өзінің кәмелетке толмаған балалары бар екенін, қазіргі жұбайының жұмыс істемейтінін ескеруді өтінді.
