Әлеуметтік желіде әскери борышын өтеуге барған сарбаздың үш саусағынан айырылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жәбірленушінің туысы Малика Абдалиеваның сөзінше, Тұңғышбай Бағжан есімді азамат әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алған. Сарбаз 2025 жылдың желтоқсан айында Алматыда оқу-жаттығудан өтіп, кейін Отар маңындағы әскери бөлімге жіберілген. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
"Үлкен келінімнің ағасының ұлы әскерге кеткен. Алматыда оқу-жаттығуда болып, желтоқсан айында Отарға әскери борышын өтеуге барған. Қазір 10 күннен бері Алматы қалалық ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр. Үш саусағынан айырылыпты", - деп жазды ол.
Сондай-ақ жазбада жәбірленушінің жақындарының жолдаған хаттары да көрсетілген. Онда сарбаз әскери қызмет барысында психологиялық қысымға ұшырағанын ашық жеткізген.
"Мені әкетпесеңіз, табытымды әкетесіз", - деп жазған сарбаз әкесіне.

Аталған ақпарат қоғамда резонанс тудырғаннан кейін, Dalanews.kz редакциясы жағдайды нақтылау мақсатында Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады.
Министрліктің берген жауабына сәйкес, оқиға 2026 жылы 6 қаңтарда Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде болған. Ведомство таңғы тексеріс барысында әскери қызметші сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттап алғанын мәлімдеді.
"Зардап шеккен әскери қызметші шұғыл түрде әскери госпитальға жеткізіліп, оған уақытылы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ем қабылдап жатыр", - деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар ведомство әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
"Зардап шегушінің айтуынша, бұл әрекет жеке бас себептеріне байланысты жасалған және әскери қызметті өткерумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне қатысы жоқ. Яғни, әлеуметтік желіде тарағандай “тікелей басшысының ескертуінен кейін жарақат алынған” деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді олар.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Гвардейск бөлімі оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларын жүргізуде. Жағдай Құрлық әскерлері қолбасшылығының бақылауында", - деп түйіндеді министрлік.
