Салықтағы шешуші күн жақындады

Самал Асқар 15 қаң. 2026 16:13

1 наурызға дейін арнайы салық режимін таңдамаған кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлаған азаматтар 2026 жылғы 1 наурызға дейін міндетті түрде хабарлама тапсыруы керек. Егер бұл талап орындалмаса, салық төлеуші 1 қаңтардан бастап жалпы режимге ауыстырылған болып есептеледі.

Комитет өкілдері 2026 жылдан бастап елде жаңа Салық кодексі күшіне енгенін еске салды. Құжатта үш арнайы режим қарастырылған:
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
– оңайлатылған декларация негізінде;
– шаруа және фермер қожалықтары үшін.

Таңдалған режим туралы хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинетінде, E-Salyq Business қосымшасында, мемлекеттік кірістер органдарында қағаз түрінде немесе банктердің қосымшалары арқылы, оның ішінде Kaspi Bank арқылы да жіберуге болады.

Сонымен қатар, 1 наурыздан бастап 2025 жылы патентпен немесе арнайы мобильді қосымшамен жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер автоматты түрде есептен шығарылады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшу E-Salyq Business қосымшасында алғашқы чек жасалған сәттен бастап жүзеге асады.

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы режимге көшу автоматты түрде жүргізіледі және қосымша хабарлама талап етілмейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove