Бектенов ядролық кластерді қалыптастыруды тапсырды

Самал Асқар 16 қаң. 2026 15:20

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыда Ядролық физика институтының жұмысымен танысып, атом саласындағы ғылыми инфрақұрылымды күшейтуге бағытталған жобалардың орындалуын тексерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, атом саласындағы қолданбалы және жоғары технологиялық бағыттарды дамыту барысын бағалады. Негізгі мақсат – зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру және саланың ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру.

Алматыдағы Ядролық физика институтында Бектенов жаңа буын реакторларына арналған материалдарды сынау, ядролық технологияларды медицина мен өнеркәсіпте қолдану бағытындағы жұмыстармен танысты. Институт базасында 11 негізгі эксперименттік қондырғы, оның ішінде ВВР-К зерттеу реакторы, үдеткіш кешендер мен радиоактивті қалдықтарды сақтау инфрақұрылымы жұмыс істейді.

Бүгінде бұл орталық Қазақстандағы радиофармпрепараттардың жалғыз өндірушісі саналады. Мұнда йод-131 және технеций-99m негізіндегі препараттар шығарылады. Олар қалқанша безі ауруларын емдеуге және түрлі органдарды диагностикалауға қолданылады. Институт елдің радиофармпрепараттарға деген сұранысының шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді.

Премьер-министрге радиоактивті материалдармен жұмыс жүргізілетін арнайы «ыстық камералар» көрсетілді. Мұнда облученный құрылғыларды бөлшектеу, өңдеу және қайта дайындау қауіпсіз жағдайда жүзеге асырылады. Институт директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, бұл өнімдер жыл сайын 18 мыңнан астам науқастың диагностикасы мен еміне пайдаланылады, ал бірқатар радиоизотоптар Еуропа мен АҚШ-қа экспортталады.

Сапар барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымды қажет ететін аумақтарды дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Пилоттық алаң ретінде дәл осы Ядролық физика институтының аумағы таңдалған. Мұнда ғылыми-технологиялық парк құру, жоғары білікті кадрлар тарту және әзірлемелерді коммерцияландыру көзделіп отыр.

Институт аумағында өткен жылы 166 адамға арналған заманауи жатақхана салынған. Олжас Бектенов жаңа нысанды аралап көріп, мұндай инфрақұрылым ғылымға келетін жастарды тартуға және елдегі ядролық кластерді дамытуға серпін беретінін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove