Өзбекстан азаматтарын Еуропа мен АҚШ-та жоғары жалақылы жұмысқа жібермек. Сонымен қатар, Швеция, Дания, Норвегия және АҚШ-пен келіссөздер жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Сыртқы істер министрлігіне азаматтарды шетелде жұмыспен қамту жөніндегі келіссөздерді жандандыруды тапсырды. Басымдық Еуропа елдері мен АҚШ-қа беріліп отыр.
Қазіргі таңда өзбекстандықтар 30-дан астам елде жұмыс істейді. Германия, Жапония және Оңтүстік Корея кадр даярлау үшін арнайы курстар ұйымдастырған. Алдағы жоспарға сәйкес, Жапонияға 10 мың маман жіберу және Ұлыбританияға маусымдық жұмысшыларды жолдау көзделіп отыр.
Швеция, Дания және Норвегия шамамен 300 мың жұмыс күшіне мұқтаж. Норвегия 2026 жылы 3 мың адамды оқытып дайындауға дайын екенін білдірсе, Швеция 500 әлеуметтік қызметкерді жұмысқа қабылдауға ниетті. Ал АҚШ-тағы елшіге Өзбекстанды маусымдық жұмыс бағдарламаларына қатысатын елдер тізіміне енгізу жөнінде келіссөз жүргізу тапсырылған.
