"Кенжехан" әлі Әнипа Назарбаеваның бақылауында ма?

Көркем Алдабергенова 07 мау. 2024 12:04 13083

Әнипа Назарбаева Кенжехан базарын сатып жібергеннен кейін жаңа басшылық саудагерлерге жаңа талаптар қоя бастаған. 2022 жылы 29 наурызда Әнипа Назарбаева Кенжехан базарын 633,6 миллион теңгеге сатып жіберген. Базарды қолына алған мекеме Назарбаевтар мен Мәсімовпен байланысты кәсіпкер Сергей Кимге тиесілі, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.  

Кенжехан базары Әнипа Назарбаеваға тиесілі болған кезде, оның қоластындағылар саудагерлерге сауда орындарына қымбатқа берген. Бір контейнердің өзі 200 мың доллардан басталып мыңдаған долларға дейін жеткен. Ал жалға алу құны 10-12 мың долларға дейін жеткен. Саудагерлерге сауда орындары олардың толық меншігіне айналады деп уәде етілген.

"Сауда орнын жалға алу құжатында қажет болған жағдайда адамды шарттарды бұзды деп айыптауға болатын тұстары бар. Жалға берушілер әдетте осыны пайдаланады", - дейді Кенжехан базары саудагерлерінің құқығын қорғаумен айналысатын Александр Слепцов. 

Назарбаева ханым саудагерлердің жалға алу ақшасын алып, чек бермеген кездері де болған. Ұсақ кәсіпкерлер заңды құжаттарға аса мән бермей, жалға алу бойынша келісімшарт жасалғанын дәлелдейтін құжат талап етпеген. Ал құжат талап еткендерді үркітіп, қорқытып немесе мүлде елемей кеткен. 

"Кенжехан" сатылып кеткеннен кейін базардың жаңа иелері бұрынғы әкімшілік берген құжаттардың құны жоқ екенін мәлімдеген. Олар Әнипа Назарбаева берген чектер жалған екенін айтқан. Бастапқыда жалға алушыларға контейнерлерді 325 мың теңгеден жалға алып, нотариалды түрде тіркеп, артынша толық сатып алуды талап еткен. Саудагерлер бұл мәлімдемелерге наразы болған. 

"Жаңа басшылық келгеннен кейін біздің келісімшартымызды ауыстырып тастады. Адамдар жиналып, мүлкімізден айырылғанымызды айтқан соң, бізді заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыптады. Бәрі бір схемамен жұмыс істеген: біз келісімшартқа қол қоюға барамыз - сол жерде сауда жасайтын орнымыздың құжатын ұсынуымыз керек. Контейнерлерді сатып алған кезде Әнипа Назарбаева адамдарға құжат ретінде паспорт берген. Ал Кимнің сөзінше, ол паспорттар жарамсыз, себебі Назарбаева заңсыз жұмыс істеген, енді Кимнен өзіміздің мүлкімізді қайтадан сатып алуымыз керек. Жаңа сатып алу шартын компания өздерінің нотариустары арқылы жүргізді. Сауда орнының құны бір миллионнан 5-7 миллионға дейін жетті. Сондықтан 120 адам Алатау аудандық Полиция басқармасына жиналды", - дейді Кенжехан базары саудагерлерінің бастамашыл тобының төрағасы Елена Садвокасова.  

Оның сөзінше, жаңа әкімшілік саудагерлер ақшасын төлемейінше контейнерлерді ашпайтын көрінеді. Одан бөлек, жалға алу құнын үш есе көтеріліп, саудагерлерге қарапайым манекенді дұрыс қоймаса да айыппұл салып кетіп жүр. 

Еске салайық, бұған дейін "Кенжехан" базарының негізін қалаушы Қуаныш Жаңбырбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева базарды әдейі банкрот жасады деп айыптаған болатын. 

"Ескі Қазақстанның құрбандары" қозғалысының баспасөз конференциясында Қуаныш Жаңбырбаев базар салу туралы шешімді 1997 жылы қабылдағанын айтады. Бұған дейін 1950 жылдан бері базардың орнында қоқыс жатқан. Кейін ол жер тазаланып, сауда орталығы ашылып, компания "Сұлтан Қорған" ЖШС ретінде тіркелген.

Бірақ ықпалды адамдардың қолдауынсыз және құқық қорғау органдарының мақұлдауынсыз бұл жобаны қолға алу мүмкін болмаған. Осылайша базар құрылтайшыларының құрамында Әнипа Назарбаева пайда болған. Базардың 30 пайыз үлесі Назарбаеваға тиесілі болған. Бастапқыда ешқандай жанжалсыз жұмыс істеп жүрген құрылтайшылардың арасында бірнеше жылдан соң проблемалар туындай бастаған.

Компанияның басқа мүшелерінің сөзінше, 2002 жылы Әнипа Назарбаева компанияны әдейі банкроттыққа ұшыратқан. Оның бұрынғы серіктестерінің айтуынша, ол нарықты өз қолына алып, оны алдын ала тіркелген "Кенжехан" ЖШС-не қайта ресімдеп алған.

Банкроттық кезінде "Сұлтан Қорған" ЖШС құны 41 мың теңгеге бағаланған, ал экономикалық сараптама бойынша құрылтайшылар базарды салуға 44,9 миллион теңге жұмсаған.

"Ернат Сыбанқұлов (сол кездегі Медеу ауданы прокурорының көмекшісі) келіп, жалған келісім жасап, компанияның 50 пайызын Әнипа Назарбаеваға, қалған 50 пайызын өзіме қалдыруды ұсынды. Мен бас тарттым. Сөйтіп ол (Назарбаева) жаңа "Кенжехан" ЖШС құрып, "Сұлтан Қорғанды" банкрот жасап, компанияның жалғыз құрылтайшысы болып қалды. Біз арыз жаздық, қылмыстық іс қозғалды", - дейді Жаңбырбаев.

Қазіргі таңда Қуаныш Жаңбырбаев сол кездегі жағдайға қатысты тергеу әділ өткенін қалап отыр. Бірақ, базардың негізін қалаушы азаматтың сөзінше, тергеу әлі жүрмей жатыр - себебі іске Ернат Сыбанқұловтың қатысы бар. Ол прокурордың көмекшісі қызметінен кейін еліміздің Бас көлік прокуроры қызметіне дейін жеткен. Сыбанқұлов 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткенімен Бас прокуратурадағы ықпалы әлі де жоғары көрінеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар