«Жетісу өңіріндегі босқыншылық: тарихы мен методологиялық мәселелері» атты әдістемелік семинар өтті

Dalanews 11 мау. 2022 05:49 757

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2022 жылдың 10 маусымда «Жетісу өңіріндегі босқыншылық: тарихы мен методологиялық мәселелері» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. Семинардың мақсаты – Жетісудағы босқындар тарихына шолу жасау және осы мәселеге әдіснамалық тұрғыдан қарау.

Семинар жұмысы институттың директоры т.ғ.д. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі З.Е. Қабылдиновтың кіріспе сөзімен ашылды. Іс-шара модераторы институттың Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова болды.

Баяндамашы Ш.Б. Тлеубаев «Қазақстан тарихындағы ең өзекті тақырыптардың бірі - босқындар. Мәселенің жекелеген аспектілері ғылыми әдебиеттерде тек тәуелсіздік жылдарында ғана көрініс тапты. Алайда Жетісудағы босқындар тарихында зерттелмеген аспектілер бар, оларды қарастыру қажет. Оны зерттеудің әдіснамалық тәсілдері ең күрделі ғылыми проблемалардың бірі болып табылады. Осыған байланысты семинарда Ресей империясының отаршылдық кезеңіндегі және Кеңес өкіметі кезіндегі Жетісудағы босқындардың тарихына шолу (XIX ғасырдың екінші жартысы - XX ғасырдың 30-жылдарының басы), ғылыми айналымға қайта енгізілген деректер мен материалдардың негізінде ұқсастықтар мен жалпы проблемалар, ерекшеліктері жаңа көзқарастар тұрғысынан талданатын болады», - деп атап өтті.

Жетісу өңіріндегі босқыншылықтың себептерін, барысы мен салдарын объективті зерттеу Қазақстанның көп томдық тарихын дайындау үшін маңызды мәнге ие. Жетісудағы босқындардың өткенін зерттеудің әдіснамалық бағыттарын анықтау отандық тарих ғылымының дамуына ықпал ететінін жеткізді.

Семинарға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің және Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жетекші ғалымдары, институттың ғылыми қызметкерлері, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Институттың бас ғылыми қызметкері тарих ғылымының кандидаты, профессор Қ.С. Алдажұманов семинар соңында сөз алып, босқыншылар мәселесі жайлы өз ойларымен бөлісті. Сөз барысында өзінің архивтерде отырып, босқыншыларға қатысты тың әрі өзекті құжаттармен танысқанын және бұл тақырыптың Қазақстан тарихындағы маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар семинарға қатысушы Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары т.ғ.к. Меңлібаев Ғ., Ермұқанов Е.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.Қаипбаева, т.б. өз ойларымен бөлісті.

Семинар соңында шараға қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, баяндамашыларға ризашылықтарын білдірді.

Алмагүл БЕКЕНОВА, Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, тарих магистрі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар