Саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған Мұхтар Шахановқа биліктің құрмет көрсетуі еліміз үшін маңызды. Осы ретте Мемхатшының ақынды арнайы іздеп келіп, пікірлесуі көрегенді іс болғаны анық.
Осыдан үш жыл бұрын экс-президент Назарбаев билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстағанда әйгілі ақын Мұхтар Шаханов Тоқаевқа байланысты мәлімдеме жасап, Президенттің қайраткерлік қырына тоқталып, Қасым-Жомарт Кемелұлына жоғары баға берген еді.
Өз кезегінде ақын: «Нұрсұлтан Назарбаев билік басына келгелі бері, Қазақстандағы демократия түгелдей «жемократияға», депутаттардың көпшілігі «жепутатқа» және қазақ тілін тебетін «тепутатқа» айналып кетті» деп қатты айтқан болатын.
– 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шаңқай қаласында 150 мемлекеттің өкілдері қатысқан үлкен жиында және онда өткен конкурста, әлемнің барлық басты тілдеріне аударылған Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» («Құз басындағы аңшының зары») атты кітабымыз «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланды. Бірақ, ол туралы Қазақстанның бірде-бір басылымы, телеарнасы жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі Н.Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда менің атымды атамауға тапсырма беріп қойған. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қана Назарбаевтан сескенбей құттықтау Жеделхат жіберді, – деген болатын ақын.
Енді қазақ тілінің мүддесін қорғап келе жатқан ақынға Мемхатшының келіп, арнайы сәлем беруі, жарымкөңіл Шахановты сілкіндіріп тастағаны анық.