"Тауыңды қопарып тастайтын ағалар бар": Төреғали Төреәлі желіде жазба жариялады

"Тауыңды қопарып тастайтын ағалар бар": Төреғали Төреәлі желіде жазба жариялады
Төреғали Төреәлі. Фото: instagram.com/toregalitoreali

Танымал әнші Төреғали Төреәлі Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевпен кездескенін айтып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады. Өнер иесі өңір басшысын өнер адамдарының жанашыры деп атап, оған деген құрметін білдірді.

Төреғали Төреәлі Instagram парақшасында Нұрлыбек Нәлібаевпен түскен суретін жариялап, екеуінің туған күні бір күн айырмашылықпен келетінін жазған.

"Жанашыр ағалар болады… 13 қазан Нұрлыбек Машбекұлы ағамның туған күні. 14 қазан менің туған күнім. Бір күннің аралығында туған, Сырдың топырағынан түлеген бізді тағдырдың осылай тоғыстырғанына да бір сәт ой жүгіртесің. Уақыт деген кейде адамдардың арасын алыстатқанымен, көңілдегі сыйластықтың бағасын ұғындыратын сияқты.

Міне, бүгін қайта қауыштық. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Жай ғана амандық сұрасып, өткенді еске алумен шектелмедік. Сырластық, ой бөлісу, мүдде тоғыстыру, алдағы күндер туралы әңгіме өрбіді. Кейде бір адамның жанында отырып-ақ, талай жылдан бері айтылмай жүрген ойларыңды ақтарғың келеді. Өйткені кейбір адамдармен әңгіменің өзі бөлек, үндестіктің өзі бөлек.

Нұрлыбек аға жалпы өнердің, өнерпаздардың жанашыры. Айтысқа деген құрметі ерекше. Ақындарымызды да қолдап келе жатыр. Осындай қайта табысудың қадірін уақыт өте келе тереңірек түсінеді екенсің. Өмірде кіммен қанша жыл араласқаныңнан бұрын, қайта кездескенде қандай күйде қалатының маңызды шығар. Ал бүгінгі жүздесуден көңілге жылылық, ойға жаңа бағыт, ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайттым.

Бәлкім, кейбір кездесулер дәл өз уақытында болады. Бұрынғы әңгімені жалғап қана қоймай, жаңа бір парақтың ашылуына себеп болады", – деп жазды өнер иесі.