Қарағандыда мас күйде автобус айдаған жүргізуші қамауға алынды

Қарағандыда мас күйде автобус айдаған жүргізуші қамауға алынды
pixabay.com

Қарағандыда мас күйде жолаушылар автобусын жүргізген жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, оқиға биыл 13 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында болған. «Донг Фенг» маркалы қоғамдық көліктің жүргізушісі алкогольдік масаң күйде автобус басқарған.

Сот жүргізушінің әрекеті жолаушылардың және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін анықтады.

Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бапқа сәйкес, алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.