Трамп Израильдегі сайлау алдында Нетаньяхуға қолдау білдірді

Трамп Израильдегі сайлау алдында Нетаньяхуға қолдау білдірді
ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильде 27 қазанда өтетін парламенттік сайлау қарсаңында премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды қолдап, оны Иранға қарсы күрестегі маңызды серіктесі деп атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Нетаньяхуды «мықты премьер-министр әрі жауынгер» деп сипаттады. Ақ үй басшысының айтуынша, Израиль үкіметінің қазіргі басшысы АҚШ-тың Иранға қарсы әрекеттеріндегі негізгі әріптестерінің бірі.

Трамптың мәлімдемесі Израильдегі сайлау науқаны кезінде жасалды. Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Нетаньяху бастаған билеуші коалиция парламенттегі көпшілігінен айырылуы мүмкін.

АҚШ президенті Израильде басқа премьер-министр билікке келген жағдайда, Вашингтонның Тегеранға қарсы әскери науқанды жалғыз жалғастыруына тура келуі мүмкін екенін айтты. Ал Нетаньяху Трампқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Израиль демократия институтының зерттеуіне сәйкес, елдегі сайлаушылардың жартысына жуығы партия таңдаған кезде АҚШ-пен қарым-қатынасты ескеретінін айтқан. Осыған байланысты Трамптың мәлімдемесі Израильдегі сайлау науқаны аясында ерекше назар аударды.