Астанадағы ат спорты кешені 200 мыңға сатылып, 7 млрд-қа қайта сатып алынған. Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2016 жылы «Астана» атты ат спорты клубы бастапқы бағасы 41 млн теңге бола тұра, аукционда небәрі 198 000 теңгеге сатылған. Лот құрамында жылқылар, автокөлік және техника болғанына қарамастан, билік өкілдері «тек атауы сатылды» деп түсіндірді. Алайда бағалау құжаттарында мүлік бар екені көрсетілген, ал прокуратура жүргізген тексеріс күтпеген жерден ешқандай заңбұзушылық таппады", - делінген Egovpress жазбасында.
Еске салайық, 2016 жылы Астана әкімдігі «Тұлпар» ат спорты кешенін аукцион арқылы небәрі 200 мың теңгеге сатып жіберген. Кейін қала билігі жаңа «Арғымақ» ат спорты кешенін бюджеттен 7 млрд теңгеге қайта сатып алуға шешім қабылдаған. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев мәлімдеді
«2016 жылы «Тұлпар» ат спорты кешені аукцион арқылы өте күлкілі бағаға – шамамен 200 мың теңгеге сатылды. Бұдан кейін өткен шақырылымда бізге «Арғымақ» атты жаңа кешенді 7 млрд теңгеге сатып алу қажеттігі мәселесі келіп түсті. Депутаттардың бір бөлігі, соның ішінде өзім де, бұған қарсы болдық. Бірақ көпшілік дауыспен сатып алу туралы шешім қабылданып, ол орындалды», – деді Сергеев.
Оның айтуынша, қазір бұл кешенді жеке компанияға сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қарастырылып жатыр.
