Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов бастаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, 18 қараша күні «Қытай-Еуропа» теміржол маршрутындағы халықаралық ынтымақтастықтың екінші форумына қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Форумда ҚХР Мемлекеттік Кеңесі премьерінің орынбасары Дин Сюэсян, Шаньси провинциясының губернаторы Чжао Ган, Қытайтемір жолдарының басшысы Го Чжусюэ және 40-тан астам елдің үкіметтік құрылымдарының басқада жоғары лауазымды өкілдері сөз сөйледі.

Форумда Транскаспий халықаралық көлікбағдарын (ТХКБ) дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жаһандық жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі теміржол көлігінің рөлін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум аясында CRCT компаниясы арқылы Қытай темір жолдарын «MIDDLE CORRIDOR MULTIMODAL Ltd.» - Қазақстан, Әзірбайжан және Грузин темір жолдарының бірлескен кәсіпорнына қосу туралы келісімге қол қойылды.
Форумда сөйлеген сөзінде Талғат Алдыбергенов Қазақстан мен Қытай көшбасшылары маршрутты дамытуға маңызды мән беретінін атап өтті. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөздерінде «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағыты бойынша байланыстарды нығайту мемлекеттердің ортақ стратегиялық мүдделеріне сәйкес келетінін және тұрақты сауда мен өсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өткен еді. 
Мәселен, Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымалдар кейінгі 10 жылда 4,5 еседен астамға өсті. 2025 жылы 35 млн тоннаға жетеді деп күтілуде (10 айда 29 млн тоннадан астам тасымалданған, бұл өткен жыл деңгейінен 11% жоғары).
Ляньюньган, Қорғас, Сиань және басқа да көлік тораптарындағы Қазақстан мен Қытайдың кооперациялық жобалары тұрақты өсуді көрсетеді. Контейнерлік тасымалдар онжылдықта 5 еседен астам ұлғайды және 1,4 млн ЖФБ-дан асты.

ТХКБ бойынша да оң динамика сақталуда: биылғы жылдың 10 айында контейнерлік пойыздар саны 12% өсті. Жіберу бойынша көшбасшы Сиань қаласы болды – жалпы көлемнің 46%, 16 мыңнан астам ЖФБ.
Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Қазақстан теміржол инфрақұрылымына белсенді инвестиция салып отырғанын атап өту қажет. 5 мың км жолдың құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізілуде, бұл алдағы жылдары ҚХР шекарасында өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
