Жетісу мен Татарстанның байланыстары кеңейе түсті

Dalanews 09 там. 2018 15:42 782

Алматы облысының  әкімі Амандық Баталов бастаған делегация 7 тамыз күні Татарстан президенті Рустам Миннихановтың шақыруымен екіжақты байланыстарды нығайту мақсатында Қазан қаласына іс-сапармен барды.

Ресми делегацияға Татарстанның бизнес-қауымдастығының өкілдері, Жетісу аймақтық кәсіпкерлер палатасы, Татарстан президенті Рустам Минниханов, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василий Шайхразиев, Татарстан Индустрия және сауда министрі Альберт Каримов қатысты.

Татарстанның вице-премьері Василий Шайхразиевтің қолдауының арқасында Жетісудан келген делегация көрші елдегі әлеуметтік инвестициялық және туристік саланың дамуына назар аударып, бірқатар нысандарды аралады. Инвестицияларды дамыту агенттігіне барудан басталған сапарда Таллия  Минуллина мемлекеттің инвестициялық және экономикалық әлеуетін кеңінен таныстырды.

Қазақстандық делегация Қазандағы ІТ-парк және «Иннополис» инвестициялық даму агенттігінің Smart city,  «Эйдос-робототехника» және «Эйдос-медицина» жобалық орталықтарын аралап, роботтандырылған өндірістегі робот-манипуляторлардың пайдаланылуын тамашалады.

«Қазан» қаласының бірегей нысанына айналған агроөнеркәсіп саябағына агропромарктың бас директоры Олег Власов нысан алаңына экскурсия жасап, парктің жалпы ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтынын айтып өтті. Парк бір мерзімде бірнеше функцияны, атап айтқанда, қойма, өңдеу, дайын өнімді сату сияқты істерді қатар атқаратынымен ерекшеленеді екен. Бұл ретте кәсіпкерлерге қолайлылық үшін барлық инфрақұрылымдар жасалған.
Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған делегация парктің өндірістік және қаптау цехтарында, жабық базарында болып, Татарстанда өндірілген өнімдердің көптеген түрлерімен танысты.

Сонымен қатар облыс делегациясы өндірістік-өнеркәсіптік типтегі «Алабұға» ерекше экономикалық аймағында және «КАМАЗ» ЖАҚ-да болды.

Бүгінде «Алабұға» аймағы өндірістік қалашыққа айналған. Мұндағы 4 гектар аумақта 56 өндірістік және логистикалық кәсіпорындар тіркелген. Олардың 24-і қазірдің өзінде толыққанды жұмыс істеп, маңайындағы елді мекендерден 6 жарым мыңға жуық адамды еңбекпен қамтып отыр.

Салыстырмалы түрде айтқанда, 74 мың тұрғыны бар шағын Елабұға елді мекеніне ерекше экономикалық аймақ өзі жұмыс істеген 12 жыл ішінде 114 млрд сом инвестиция тартып үлгерген.

Мұндай қомақты қаржы елдің әл-ауқатын көтерумен қатар, тарихи құнды жәдігерлерін  күтіп-сақтауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Тарихи ескерткіштердің қатарында Марина Цветаеваның, Иван Шукшиннің және басқа да мәдениет, өнер қайраткерлерінің музей-үйлері бар.

Қазан Кремлі Губернаторлық сарайында өткен Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесуінде облыс әкімі А.Баталов:
– Біз, Алматы облысы Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушінің бірі ретінде мұндағы ауыл шаруашылығы саласының тың жобаларына қызығушылық танытып отырмыз. «Қазан» агропаркі жұмысының тиімді ұйымдастырылуы бізге қатты ұнады. Онда үстеме бағасыз өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу мүмкіндіктері қолайлы қарастырылған екен. Сол сияқты өндірістік алаңдарды дамытудағы тәжірибелеріңіз де біз үшін маңызды, – деді.

Өз кезегінде Р.Минниханов Қазақстан аумағында бірнеше ірі жобалар жүзеге асып жатқанын, соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның маңызы ерекше екеніне тоқталды:

– «Қорғас» жобасы – үлкен қызығушылық туғызатын және зор әлеуеті бар жоба. Оны әлемдік деңгейдегі ірі көлік-логистикалық хаб ретінде көрдік. Біз өз тарапымыздан осы бағытта әріптестік байланыс орнатуға, бизнес-байланыстарымыздың ауқымын кеңейтуге дайынбыз, – деді ол.

Сондай-ақ қазақстандық делегация сапар барысында 200 жылдан астам тарихы бар Қазан (Приволжьелік) федералды университетіне атбасын тіреді. Университет ректоры Ильшат Гафуров білім ордасын аралатып, осы шаңырақтан шыққан атақты түлектерді де мақтанышпен атап өтті. Олардың қатарында әлем әдебиетінің классигі, көрнекті орыс жазушысы Лев Толстой, тамаша математик Николай Лобачевский және басқа да танымал тұлғалар болған. И.Гафуровтың айтуынша, қара шаңырақ университет жоғары білім беру дәстүрлерін сақтай отырып, кең ауқымды ғылыми-зерттеу бағытына ерекше ден қойғанын алға тартты.

Күннің екінші жартысында делегация 45 379 мың көрерменге лайықтап жасалынған «Қазан Арена» футбол стадионының инфрақұрылымымен де танысты. 2013 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген стадионда биылғы жылы футболдан Әлем чемпионаты өткенін де айта кету керек.

Сол сияқты Қазандағы Бүкіләлемдік жазғы XXVII универсиаданың ашылуы мен жабылу салтанатын да осы стадионнан тамашалаған болатын.

Осы сапары барысында облыс әкімі Амандық Баталов татар бауырларға Жетісудың туристік әлеуеті жайында кеңінен баяндап берді.

Облыс басшысы Татарстан президенті Рустам Миннихановпен ресми кездесуінде Жетісу жеріндегі суы шипалы Алакөл көлінің инфрақұрылымын дамыту ісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айрықша бақылап отырғанын тілге тиек етті. Онда әуежай іске қосылғанын, жаңа теміржол вокзалы салынғанын айтты.

Мәселен, өткен жылы Алакөлде 750 мың турист демалса, биылғы жылы олардың саны миллионға жетеді деп күтілуде. Жалпы, алдын ала болжамдар бойынша Алматы облысына 2 миллионнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Сөзін Татарстанмен өзара байланыс тұрғысында жалғаған облыс әкімі Амандық Баталов ТР президентінің білім мен ғылым, зерттеу орталықтары арасындағы байланысты нығайту туралы ұсыныстарына қатысты өз ойын білдірді:
– Татарстанның балалары Алматы облысындағы сауықтыру лагерьлеріне, соның ішінде Алакөлге келуіне болады. Студенттер алмасу жайлы айтқаныңыз да – жақсы ұсыныс. Өңірде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен С.Демирель атындағы университет бар. Бізді, әсіресе, заманауи технологияларды дамыту салаларындағы тәжірибе алмасу қатты қызықтырып отыр, – деді ол. Сол сияқты облыс басшысы татардың ұлттық Сабан той мерекесін Алматы облысында өткізуді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың тамыз айында Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов бастаған делегация Алматы облысында мәдени байланыстар, іскерлік серіктестік және тәжірибе алмасу мақсатында болып қайтқан еді.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар