Сарқанның 20 оқушысы «Баянтауға» барып қайтты

Dalanews 09 там. 2018 15:50 969

Белгілі хирург Нұрлан Арынның демеушілігімен Сарқан ауданының әр елді мекендерінен 20 оқушы Павлодар облысында орналасқан «Баянтау» спорттық-сауықтыру лагеріне демалуға барып келді.

Сарқан ауданының тумасы Нұрлан Арын ата-ананың қарауынсыз қалған, тұрмыс жағдайы төмен және үздік оқушылардың «Баянтау» спорттық-сауықтыру лагеріне 10 күн демалып қайтуына демеушілік етті.

«Баянтау»  демалыс үйінің аумағында  асхана, медициналық пункт, күзет үйі, әкімшілік корпусы жұмыс істейді. Демалыс үйі заман талабына сай жасалынған. Демалушыларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Спорттық және мәдени-қоғамдық іс-шаралар мен қатар экскурсия ұйымдастырылады. Жалпы, демеушілік құны 1 миллион 500 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар Нұрлан Мұхтарұлы жыл сайын туған жері Сарқан ауданына келіп, жерлестеріне тегін медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Талдықорған, Түркістан, Павлодар, Астана қалаларында, Қарасай аудандарының орталықтарында және Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында 700-ден астам әртүрлі ота жасаған ол бұл қадамын перзенттік парызым деп санайды.

Биыл қалқанша безі  мен бүйрекке және гинекологиялық 11 күрделі ота жасаған. Жыл басынан бері  әйел адамның аналық безі ісігін, желкедегі липоманы алу сияқты күрделі 23 операцияны тегін жасады. Алдағы уақытта тағы да күрделі операциялар жасауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ғалымның 220-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы, 11 әдістемелік ұсынысы және Қазақстан мен КСРО-ның 35 авторлық өнертабыс куәлігі бар. Өзінің басшылығымен медицина ғылымының өзекті мәселелеріне арналған үш ғылыми жұмыс жинағы жарық көрген. Балалар хирургиясы саласының 1 докторын, 8 кандидатын даярлап шығарды. Сондай-ақ республикалық және шетелдік конференцияларда, симпозиум, съездерде баяндамалар жасап жүр. Ел алдындағы еңбегі еленген Нұрлан Арын «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін» медалінің иегері.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар