Экстремистік мәндегі контентке лайк басып, пікір жазудан сақ болған жөн – дінтанушы

Dalanews 12 қыр. 2021 12:03 736

Зайырлылық дегеніміз не? Көпшілік осы бір ұғымның түп-төркінін дұрыс түсіне бермейді. Жасырары жоқ зайырлы дегенді дінсіз ел деп білетін, дінді теріске шығару деп қабылдайтын аудитория да бар. 

Ал негізінде Зайырлы ел деп діни догмаларға сүйенбейтін, құқықтық қағидалармен өмір сүретін мемлекетті айтады.

Мұның бірнеше көрінісі бар. Ең басты белгісі еліміздегі түрлі діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген, яғни мемлекеттің ішкі-сыртқы жұмысына араласпайды, өзінің ықпалын жүргізуге тырыспайды.

Бұдан пайда болатын екінші сипаты, дін мен саясат бір-бірінен алшақ жатқан ұғым. Саясат діннің шекарасын бұзбайды, өз кезегінде дін саясатқа соқтықпайды.

Үшінші белгісі: белгілі бір діннің құндылықтарын қабылдап-қабылдамау әр азаматтың жеке құқығы мен ұстанымындағы мәселе. Былайша айтқанда, оның таңдау құқығына ешкімнің қол сұғатын қақы жоқ. 


Төртінші белгісі: білім берудегі ерекшеліктермен байланысты. Тәлім-тәрбиеге үйретіп, білім, ғылымға баулитын мекемелерде оқу үрдісі зайырлы үлгіде жүргізіледі, дін өзінің қағидалары мен ұстанымын білім саласына тықпалауға тырыспайды.

Зайырлылық көптеген мемлекеттердің таңдауы түскен ізгі жол. Айналып келгенде, бұл дінге еркіндік беру, оның шаруасына килікпеу. Саясат пен дін өкілдері сыйластық шекарасын сақтайтын мемлекет ілгері басады.

Бұдан шығатын тағы бір маңызды дүние – еліміздегі діни ахуал. Елдің іргесі тыныш, шаңырағы шайқалмаған болса, сол елде қоныс тепкен түрлі діни конфессиялар да ауызбіршілікте өмір сүретіні бесенеден белгілі.

Бүгінге күні елімізде 18 діни бірлестік пен солардан тараған 3800-ге жуық филиал бар. Егер есеп-қисапқа салсақ еліміздегі діни бірлестіктердің саны едәуір азайғанын аңғаруға болады. 


Мәселен 2011 жылдары елімізде 45 діни конфессия тіркелген-тұғын, ал діни бірлестіктердің ұзын саны 4500-ге жеткен еді. Бұл арада "мұншама мекеме айналдырған он жылда қайда жоғалды?" деген заңды сұрақтың туындайтыны анық.

Дәл сол жылдары мемлекет дін саласындағы саясатты қатаңдату туралы шешім қабылдады. Бұл дұрыс бастама еді. Соның нәтижесінде қызметі күмәнді көптеген діни бірлестіктердің жұмысы қайтадан сүзгіден өтті.

Үкімет: "Діни бірлестіктер не бітіріп отыр? Олар қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты сақтауға қандай үлес қосуда? Олардың кейбірінің қызметі мемлекеттік қызметке қатер төндірмей ме?", деген сауалды төтесінен қойды.

Соның нәтижесінде еліміздегі діни бірлестіктердің саны 18-ге дейін азайды, бұларға қарасты филиалдардың саны 3800-ге төмендеді. Осы тұрғыда қоғамда белең алып кеткен – миссионерлік пен діни кітаптарды саудалау мәселесіне нүкте қойылды.

Миссионерлік қызметке белгілі бір дәрежеде шектеу қойылды. Бұл қызмет заңға қайшы келген жағдайда 50 есептік көрсеткіштен жоғары көлемде айыппұл арқалайды әрі шұғыл түрде Қазақстан аумағынан шығарылады.  2011 жылдан бастап діни контентті рұқсат етілмеген жерде саудалауға түпкілікті тыйым салынды. Бүгінгі таңда діни кітаптар мешіттер мен шіркеулердің аумағында және мұндай контенті таратуға ресми рұқсат алған дүкендерде ғана саудаланады.

Осы тұрғыда діни сауаттылық мәселесіне де көңіл аудару қажет. Кей кездері әлемжеліде жарияланған мемлекеттік саясатқа қайшы келетін діни материалдарға лайк басып, пікір жазып жатамыз, репост жасайтын азаматтар да аз емес. Негізінде бұған аса сергек әрі сақ қарау қажет.

Егер сіз лайк басқан контентте экстремистік мәндегі сипат байқалса, Қазақстанның заңына қайшы келетін тұстары болса Қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша жазаға тартыларыңызды білуге тиіссіз.


Мұны әлеуметтік желідегі жауапкершілік деп атайды.

Енді ілкідегі мәселеге қайта айналып соқсақ. Мемлекет халықтың дін ұстануына кедергі келтіріп отырған жоқ. Бүгінгі таңда ел азаматтарының 15 пайызға жуығы діни канондарды (парыздарды) сақтайды, діннен бұйрық етілген дүниелерді қалт жібермей орындайды. Еліміздегі құдайға сенбейтін қауымның (атеистердің) үлесі де осы мөлшерде.

Елімізде діни бірлестіктердің жұмысы мен діни қызметке қатысты заң қабылданған. Осынау құжатқа осыдан 10 жыл бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Тұтастай алғанда еліміздегі діни жағдайдың картасын осылайша кескіндеп берер едік.

Алмасбек ШАҒЫРБАЙ, дінтанушы 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар