Қазақстанның депозиттік нарығында күрт өзгеріс орын алуда. Kaspi бұрынғыша қарқын алғанымен, бірақ бірден бірнеше банкте халық жинағының көлемі күрт қысқарған. Бұған не түрткі? Бұл сауалға Ranking.kz сарапшылары жауап беріп, аталған нарықтағы қазіргі ахуалды егжей-тегжей түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақтандықтар депозитке қайта бет бұра бастады: мамырдағы өсім мардымсыз болғанымен, сенім артып келеді.
"2025 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша, алдағы аймен салыстырғанда халықтың банктегі депозиттері аздап өсіп, 25 трлн теңгеге жетті. Айлық өсім – бар болғаны 0,4%. Бұл керемет әсерге ие нәтиже болмаса да, ұзақ мерзімді тренд тұрақты өсімді көрсетіп отыр: соңғы бес жылдағы жылдық орташа өсім – 20,5%, ал 2025 жылдың өзінде – 18,9%. Демек, қазақстандықтар банктік салымдарды әлі де ақшаны сақтау мен көбейтудің басты құралы деп есептейді. Алайда банктердің бәрі бірдей оң нәтижеге қол жеткізбеген. 22 банктың тек сегізі ғана депозит көлемін арттырса, қалған 13-інде халықтың ақшасы азайған. Жалпы алғанда, банктен алынған ақшаның жиынтық көлемі 84,3 млрд теңгені құрайды", - дейді сарапшылар.
Оның себебі әр банкке қатысты әрқалай: бірі сыйақылар бойынша тартымды жағдайлардан бас тартса, тағы бірі өзіне деген сенімді жоғалта бастаған, сол секілді банк секторы көшбасшыларымен қатты бәсекелесе алмау.
Сарапшылар айлық өсім бойынша Kaspi Bank-тің көш бастап тұрғанын айтады.
Мұнда мамыр айында халық салымдары 124,5 млрд теңгеге немесе 2,1%-ға артқан. Банктегі жалпы салым көлемі 6 трлн теңгеден асты.
Екінші орында – Freedom Bank: +23,6 млрд теңге (680,8 млрд теңгеге дейін).
Үздік үштікті Home Credit Bank түйіндейді: +20,5 млрд теңге, жалпы салымдар сомасы 507 млрд теңгеге жеткен.
Одан бөлек, мамырда оң динамика көрсеткен банктр қатарында мыналар жатады:
- Банк ЦентрКредит (+12,4 млрд),
- Еуразиялық банк (+4 млрд),
- Отбасы банк (+2,1 млрд),
- Нұрбанк (+1,2 млрд),
- ВТБ Қазақстан (+0,8 млрд).
Банк салымдарының ішінде ең танымалы – мерзімді депозиттер (73,1%). Одан кейін жинақтаушы депозиттер (13,3%) мен ағымдағы шоттар (13,2%) тұр.
Депозиттер неге әлі де тартымды?
Біріншіден, халық табысының артуы. Әсіресе, ірі қалаларда жұмыспен қамтылу және жалақы деңгейі жоғары, артық қаражатты жинақтауға мүмкіндік бар.
Екіншіден, жоғары пайыздық мөлшерлеме. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі – 16,5%. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Инфляция мен мөлшерлеме арасындағы айтарлықтай айырмашылық депозиттің табыстылығын күрт арттырады.
Үшіншіден, банк секторына деген сенім нығайып келеді. Капиталы осал банктер нарықтан кеткен соң, ірі ойыншылардың тұрақты өсімі мен цифрлық трансформациясы клиенттердің сенімін арттыруда.
Төртіншіден, мемлекет кепілдігі. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы барлық салымдар сақтандырылған, бұл да шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады.
Бесіншіден, цифрлық ыңғайлылық. Бүгінде депозит ашу – бірнеше минуттық шаруа. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы клиенттер үйден шықпай-ақ, қаржысын тиімді орналастыра алады.
Бұған дейін сайтымызда Отбасы банк салымшыларының депозиттері енді есептен шығаруға және бұғаттауға жатпайтынын жазғанбыз.