Отбасы банк салымшыларының депозиттері енді есептен шығаруға және бұғаттауға жатпайды. Жақында банк салымдарын қорғауды көздейтін "Тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдарына үлестік қатысу және мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға Президент қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді Отбасы банкі салымдары үшінші тұлғалардың талап-арызынан қорғалатын болады:
- Отбасы банкі салымшыларының депозиттеріндегі бірыңғай зейнетақы төлемі;
- аралық және алдын ала заемдар бойынша кепіл ретінде әрекет ететін депозиттер.
"Бұл сот орындаушыларының кредиторлар ұсынған нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы талап қоюы бойынша бұғаттауды немесе олардан қаражатты мәжбүрлеп есептен шығаруды жүргізе алмайтынын білдіреді", деп түсіндіреді банктегілер.
"Бұрын кепілдегі депозиттерден сот орындаушылары қаражатты есептен шығарып алғанда банк клиенттері аралық немесе алдын ала заемдарды уақытында жаба алмай және тұрғын үй заемына мерзіміне сай көше алмай қалатын. Бұл өз кезегінде отбасыға түсетін борыштық жүктемені де арттыратын. Үшінші тұлғалардың талабы бойынша депозиттерден ақшаны есептен шығару салымшының тұрғын үй жағдайын жақсартуға да кедергі келтіретін", - дейді Отбасы банкіндегілер.
Отбасы банк салымшыларының депозиттерін қорғау қазақстандықтардың жинағын сақтауға, баспанасынан айырылуға жол бермеуге және тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі, деп атап өтті қаржы институты.
Отбасы банкі Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, бүгіндері Отбасы банкінде 3,2 млн қазақстандық өз баспанасына қаражат жинауда. 2025 жылдың алты айы ішінде депозиттер бойынша тартылған ақша көлемі 546 млрд теңгені құрады. Бұл - өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 39%-ға көп көлем. Жұмыс істейтін әрбір үшінші қазақстандық Отбасы банкінде депозитте ақша ұстайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2 шілдеден бастап Отбасы банкіндегі алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын мерзімінен бұрын толық өтеу ережелеріне қатысты қабылданған өзгерістер өз күшіне енгені хабарланған болатын.
Енді жоғарыда көрсетілген заемдарды мерзімінен бұрын жапқан жағдайда:
- заеммен байланысты депозиттегі жинақтар автоматты түрде негізгі борыштың қалдығын өтеуге бағытталатын болады;
- тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарт міндетті түрде тоқтатылып, бұзуға жатқызылады;
- жаңа заемды рәсімдеу үшін жаңа депозит ашу не бұрын берілген заемға байланбаған қолданыстағысын пайдалану талап етіледі.