Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс: Соттың алдын ала тыңдалатын күні белгілі болды

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс: Соттың алдын ала тыңдалатын күні белгілі болды
ашық дереккөз

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесінің басталу күні белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала сот отырысы 21 шілде күні сағат 10:00-де Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында өтеді.

Марқұмның отбасының мүддесін адвокаттар Аянхан Омаров пен Мұхаммеджан Ахметов қорғайды.

Адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, бұл – аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы.

«Алдын ала тыңдауда сот істі мәні бойынша қарауға тағайындау мәселесін шешеді, дәлелдемелерді зерттеу тәртібін айқындайды. Сондай-ақ істің алқабилердің қатысуымен қаралатыны немесе қаралмайтыны туралы мәселе де осы отырыста қаралады», – деді адвокат.

Осыған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары прокуратурадан қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұраған болатын. Олардың айтуынша, іс материалдарымен танысу барысында бірқатар кемшілік анықталған. Сондай-ақ жақындары мен адвокаттары сотқа жолданар алдында тағылған айыптардың бір бөлігі алынып тасталуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген.

Іс бойынша күдікті 28 жастағы ер адамға аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған.

Еске салайық, Нұрай Серікбай биыл қаңтар айында қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, күдікті қызды дүкеннің маңында күтіп тұрған, оны күшпен ұстап қалып, кейін бірнеше рет пышақ жарақатын салған.